Қылмыстық істер бойынша сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік етуді және заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық

 

Қазақстан Республикасы

Бас Прокурорының

2018 жылғы  тамыздағы

        бұйрығына қосымша

 

 

Қылмыстық істер бойынша сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік

етуді және заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын

қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық

 

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

  1. Осы Қылмыстық істер бойынша сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік етуді және заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 30 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді.
  2. Сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік ету мыналарды қамтиды:

қылмыстық істерді мәнісі бойынша қараған кезде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда мемлекеттік айыптауды қолдау;

апелляциялық (жеке) шағымдар, прокурор өтінішхаттары бойынша қылмыстық істерді қараған кезде  апелляциялық сатыдағы соттарға қатысу;

өтінішхаттар, наразылықтар, ұсыныстар бойынша кассациялық тәртіппен сот актілерін қараған кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) қатысу;

жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қараған кезде соттарға қатысу.

  1. Қылмыстық сот ісін жүргізуде заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын жоғары қадағалауды (бұдан әрі - Қадағалау) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры (бұдан әрі – Бас Прокурор) тікелей, сондай-ақ оның бағынысындағы прокурорлар арқылы заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексеру және олар заңсыз болған жағдайда оларға наразылық келтіру жолымен жүзеге асырады.
  2. Сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік ету және қылмыстық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалау міндеттері:

1) іс бойынша заңды, негізді және әділ қорытынды сот шешімінің шығарылуын қамтамасыз ету;

2) бірізді сот практикасын қалыптастыруға ықпал ету;

3) қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады.

 

 

 

2-тарау. Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық

және кассациялық сатыдағы соттарға қатысу

бойынша құзыреттердің ара-жігін ажырату

 

  1. Аудандық, қалалық, ауданаралық, табиғатты қорғау, көлік прокуратуралары аумақтық соттылыққа сәйкес аудандық және оларға теңестірілген соттардың соттылығына жататын қылмыстық істер бойынша бірінші сатыдағы соттарда мемлекеттік айыптауды қолдауды қамтамасыз етеді.
  2. Әскери прокуратуралар гарнизондардың әскери соттардың және қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттылығына жататын қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптауды қолдауды қамтамасыз етеді.
  3. Аудандық, қалалық, ауданаралық прокуратуралар көлік прокуратурасының орналасқан жерінен шалғай болған (500 км жоғары) жағдайда көлік прокуратурасы сотқа жіберген хаттамалық нысанды істер бойынша мемлекеттік айыптауды қолдауды қамтамасыз етеді.

Көлік прокуратурасы қадағалау іс жүргізуінің көшірмесін тиісті прокуратураға дер кезінде жіберуге міндетті.

Аудандық, қалалық, ауданаралық прокуратуралар айыптау актісімен келіспеген кезде сот отырысы басталғанға дейін дәйектерді көрсетумен бұл туралы көлік прокуратурасына хабарлай отырып, іс бойынша қатысудан бас тартуға құқылы.

  1. Процесс прокурорлары процесс прокурорлары тағайындаған істер бойынша белгіленген құзыретке қарамастан, бірінші сатыдағы соттарда мемлекеттік айыптауды қолдайды.

Процесс прокурорлары апелляциялық сатыдағы соттарда қылмыстық істерді мәнісі бойынша қараған кезде қатыспайды.

  1. Аудандық және оларға теңестірілген прокуратуралар сондай-ақ дәрменсiз немесе басқаға тәуелді жағдайдағы өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетінше пайдалануға қабiлетсiз тұлғалардың мүдделерiнде прокурордың бастамасы бойынша басталған жеке айыптау істері бойынша қатысуды қамтамасыз етеді.
  2. Облыс және оларға теңестірілген прокуратуралар (бұдан әрі – облыс прокуратуралары) қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттардың соттылығына жататын аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша бірінші сатыдағы соттарда мемлекеттік айыптауды қолдауды қамтамасыз етеді.
  3. Облыс және оларға теңестірілген прокурорлар (бұдан әрі – облыс прокуроры) немесе олардың орынбасарлары төмен тұрған прокуратураға:

1) белгіленген соттылыққа қарамастан нақты іс бойынша;

2) қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот шалғай өңірде көшпелі отырыс өткізген жағдайда;

3)  қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттардың соттылығына жататын аса ауыр емес істер бойынша мемлекеттік айыптауды қолдауды тапсыруы мүмкін.

  1. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша мамандандырылған ауданаралық соттардың соттылығына жататын қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптауды, әдетте кәмелетке толмағандардың істерінде маманданған облыс прокуратурасының қызметкері (ювеналдық прокурор) қолдайды.

Мұндай істер жалпы юрисдикциядағы соттың қарауына берілген жағдайда не кәмелетке толмағандардың істері бойынша ауданаралық сот облыс орталығынан тыс орналасқан жағдайда мемлекеттік айыптауды қолдауды қамтамасыз етуді облыс прокуроры немесе оның орынбасары  істі сотқа жіберген аудандық немесе оған теңестірілген прокуратураға тапсыруы мүмкін.

  1. Бас Прокурор немесе оның орынбасары бекіткен айыптау актісі бар қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Бас прокуратураның басшылығымен келісу бойынша тағайындалады.

Мұндай істі процесс прокуроры тергеген жағдайда мемлекеттік айыптауды қолдауды онымен бірге  Бас прокуратураның басшылығымен келісу бойынша тағайындалған мемлекеттік айыптаушы жүзеге асыра алады.

  1. Облыс прокуратуралары апелляциялық сатыдағы соттарда прокурорлардың қатысуын қамтамасыз етеді.
  2. Бас көлік прокуратурасының апелляциялық сатыдағы соттары отырысына қатысуы мүмкін болмаған кезде күрделі емес және резонанстық емес істер бойынша қатысу облыс прокуратураларына жүктеледі (Астана қаласын қоспағанда).

Бұл ретте, Бас көлік прокуратурасы тиісті прокуратураға алдағы сот отырысы туралы дер кезінде хабарлауға және қадағалау іс жүргізуінің электрондық көшірмесін жіберуге міндетті.

Күрделі және резонанстық істер бойынша Бас көлік прокуратурасы шалғай өңірге қарамастан, көлік прокурорларының қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.

  1. Бас прокуратура Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот алқасының отырыстарына прокурорлардың қатысуын қамтамасыз етеді.

 

3-тарау. Мемлекеттік айыптауды қолдау жөніндегі

жұмысты ұйымдастыру

 

  1. Өзінің процестік өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде мемлекеттік айыптаушы тәуелсіз және тек заңға ғана бағынады.

Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы іс бойынша өз ұстанымында тұрудың заңды тәсілдері мен құралдарын дербес таңдайды.

Мемлекеттік айыптаушы сотқа дейінгі  тергеу барысында жиналған дәлелдемелердің сотта жан-жақты, толық және объективті зерттелуін қамтамасыз етуге, уақтылы өтінішхатты мәлімдеуге  тиіс.

Мемлекеттік айыптаушы алқа билерге кандидаттарды іріктеу процесіне белсенді түрде қатысуға, алқаның сапалы құрамын қалыптастыруға ықпал етуге міндетті.

  1. Күрделі және резонанстық істер бойынша мемлекеттік айыптауды бірнеше прокурор қолдауы мүмкін.
  2. Процесс прокуроры бірінші сатыдағы сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысады. Прокуратура органы басшысының тапсырмасы бойынша процесс прокурорымен топта мемлекеттік айыптауды кез келген басқа прокурор (мемлекеттік айыптаушы) қолдай алады.
  3. Мемлекеттік айыптаушы (оның ішінде процесс прокуроры) прокуратура органы басшысымен мыналарды:

1) айыптаудан бас тартуды (толығымен немесе ішінара);

2)  едәуір ауыр немесе бастапқы айыптаудан ерекшеленетін айыптауды тануды;

3)  мемлекет мүддесінде азаматтық талап қоюдан бас тартуды не оны қараусыз қалдыру туралы өтінішхатты;

4)  сотталушының процесс келісімін жасасуды келіседі.

Жоғары тұрған прокуратура сотқа жіберген істер бойынша мемлекеттік айыптаушы (процесс прокуроры) айыптау актісін бекіткен адаммен өз позициясын келіседі.

  1. Резонанстық істер бойынша мемлекеттік айыптаушы (процесс прокуроры) өз ұстанымын, оның ішінде жаза тағайындау мәселелері бойынша жоғары тұрған прокуратурамен келіседі.
  2. Іске қатысатын мемлекеттік айыптаушы Жоғарғы Сот сот актісінің күшін жойғаннан кейін және қылмыстық істі жаңа сот талқылауына жібергеннен кейін өз ұстанымын Бас прокуратурамен талқылайды.
  3. Мемлекеттік айыптауды қолдау барысы Бас прокуратураның немесе облыс прокуратурасының бақылауындағы қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптаушы өз ұстанымын дер кезінде Бас прокуратурамен, облыс прокуратурасымен келісуге міндетті.
  4. Прокуратура органының басшысы мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келіспеген не бір іс бойынша бірнеше мемлекеттік айыптаушының ұстанымдарының айтарлықтай алшақтығы жағдайында мемлекеттік айыптаушыны ауыстыру туралы мәселе шешіледі не айыптауды прокуратура органының басшысының өзі қолдайды.
  5. Бір қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушылар жиі ауысқан кезде прокуратура органының басшысы жұмысты дұрыс ұйымдастыруы мәніне бағаланады.
  6. Сотта істер біріктірілген кезде, сондай-ақ едәуір ауыр немесе бастапқы айыптаудан ерекшеленетін айыптау қажет болған кезде мемлекеттік айыптаушы қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес прокуратура органының басшысы бекітетін жаңа айыптау актісін жасайды.

Процесс прокуроры тағайындалған істер бойынша жаңа айыптау актісін процесс прокуроры жасайды және бекітеді.

  1. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімді прокуратура органының басшысымен келісілгеннен кейін мемлекеттік айыптаушы жасайды және оған қол қояды.
  2. Жоғары тұрған прокуратура сотқа жіберген істер бойынша жаңа айыптау актісі немесе кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім бастапқы айыптау актісін бекіткен адаммен келісіледі.
  3. Мемлекеттік айыптаушы сот жарыссөзі басталғанға дейін «Заңдылық» автоматтандырылған ақпараттық жүйе (бұдан әрі – жүйе, ақпараттық жүйе) арқылы өз ұстанымының дұрыстығын СН-1 электрондық ақпараттық есепке алу құжатын (бұдан әрі - нысан) толтыру арқылы тексереді.

Мемлекеттік айыптаушы ақпараттық жүйенің талдамалық функциялары арқылы жаза түрі мен мерзімі (мөлшері) бойынша ұстанымды таңдаған кезде  ұқсас мән-жайлары (бап, бөлік, тармақ, жынысы, жасы, жеңілдететін, ауырлататын және өзге де мән-жайлар) бар ұқсас істер бойынша республикалық сот практикасы зерттеледі.

  1. Сот үкімі (қаулысы) жария етілгеннен кейін мемлекеттік айыптаушы он бес күн ішінде ақпараттық жүйе арқылы сот шешімінің заңдылығын СН-2 нысанын толтыру және жүйе ескертулерін талдау арқылы тексереді.
  2. Мемлекеттік айыптаушы СН-1, СН-2 нысандарын уақтылы, толық және дұрыс толтырғаны үшін, сондай-ақ ақпараттық жүйеге электрондық үкімді (қаулыны) салғаны үшін жауапты болады.
  3. Сот жарыссөздерінде мемлекеттік айыптаушы:

1) өз сөздерінде сот отырысында зерттелген материалдарға сілтеме жасайды;

2) дәлелдемелерді талдайды және оларды қылмыстық құқық бұзушылық құрамының нақты белгілерімен байланыстырады;

3) қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, сотталушының жеке басын, оның өмір сүру жағдайы мен тәрбиесін, материалдық және отбасылық жағдайын, жасалғанға қатысын, қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаннан кейінгі өзін-өзі ұстауын талдайды;

4) жаза түрі, мөлшері және мерзімі туралы ұсынысқа дәлел келтіреді, анағұрлым ауыр жаза ұсынылған жағдайда, жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген анағұрлым қатаң жаза түрі  жаза мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ете алмайтындығын дәлелдейді;

5) қылмыстық жауаптылықтан немесе жазалаудан босату туралы, жазаны өтеуден босату туралы немесе жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы ұсынысқа дәлел келтіреді;

6) қолданылуға жататын заңның нақты нормаларына, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларына сілтеме жасайды;

7)  процестік шығындар, мемлекет мүддесінде мәлімделген талап қоюлар, заттай дәлелдемелер тағдыры бойынша ұстанымын білдіреді.

  1. Сот жарыссөздеріндегі мемлекеттік айыптаушының сөзі дәлелді, заңды түрде сауатты және профилактикалық әсер ететін болуға тиіс.
  2. Мемлекеттік айыптаушы апелляциялық мерзімдерде оның қатысуымен шығарылған сот актісінің заңдылығын тексеруге міндетті.

Тексеріс нәтижелері туралы мемлекеттік айыптаушы прокуратура органының басшысына баяндайды.

Сот актісімен келіскен жағдайда, онда мемлекеттік айыптаушының және прокуратура органы басшысының қолымен тиісті белгі қойылады.

  1. Аудандар прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар айыптау үкімдерінің және бұйрық арқылы іс жүргізу тәртібімен қаралған істер бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулылардың заңдылығын тексеруді қамтамасыз етеді. Көрсетілген сот актілерінің заңдылығы, оның ішінде олардың көшірмелері алынған кезден бастап жеті күн ішінде СН-2 нысанын толтыру арқылы тексеріледі.
  2. Заңсыз не негізсіз сот актісін анықтаған кезде мемлекеттік айыптаушы немесе прокуратура органының басшысы апелляциялық мерзімде апелляциялық сатыдағы сотқа өтінішхат келтіруге міндетті.
  3. Ақтау үкімі немесе оңалтушы негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылған кезде 24 сағат ішінде Бас прокуратураның Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметіне (бұдан әрі - Қызмет) хабарланады. Ақтау үкімінің немесе ҚПК-нің 35-бабының бірінші бөлігінің 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтары негізінде қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының көшірмесі (бұдан әрі – оңалтушы негіздер) оларды соттан алғаннан кейін бірден Бас прокуратураға жібереді.
  4. Оңалтушы негіздер бойынша ақтауға немесе істі тоқтатуға байланысты шығарылған соттың жеке қаулыларын қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы Бас прокуратура хабардар етіледі.
  5. Оңалтушы негіздер бойынша ақтау үкімімен немесе қылмыстық істі тоқтату туралы қаулымен  келіскен кезде облыс прокуроры сот актісі күшіне енген күннен бастап бір айлық мерзімде Бас прокуратураға оның заңдылығы туралы қорытындыны жібереді.
  6. Оңалтушы негіздер бойынша ақтау үкіміне немесе қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға кассациялық тәртіппен наразылық келтіру туралы өтінішхат қылмыстық іспен бірге сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап бір айдан кешіктірмей Бас прокуратураға жіберіледі. Айрықша жағдайларда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін, бірақ Бас прокуратураны мерзімін ұзарту себептері туралы хабардар ете отырып, бір айдан аспайтын мерзімге ұзартады.

 

 

4-тарау. Апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттарға қатысу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру

 

  1. Апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттарға қатысатын прокурорлар сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін сапалы тексеруді қамтамасыз етеді.
  2. Жоғары тұрған сатыдағы сотта прокурор төмен тұрған сот сатыларына қатысқан прокурорлардың ұстанымдарымен байланысты емес, іс материалдарын толық көлемде тексереді және шағым берілгеніне не прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілгеніне қарамастан, барлық сотталғандарға қатысты қорытындыда үкімнің заңдылығы мен негізділігіне баға береді.
  3. Апелляциялық сатыдағы сотқа прокурордың қатысу сапасы оның қорытындысының негізділігі мен объективтілігін негізге ала отырып бағаланады.
  4. Апелляциялық сатыдағы сотта өз қорытындысында прокурор жасалған қылмыстың мән-жайларын, сотта тыңдалған түсініктемелерді, сараптамалық қорытындыларды, зерттелген материалдарды, оның ішінде бірінші сатыдағы соттың қарау нысаны болып табылмайтын материалдарды ескереді.

Бұл ретте, прокурор төмен тұрған прокурордың өтінішхаты дәлелдерімен байланысты емес және заң талаптары және істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін бар нақты деректер негізінде әрекет етеді.

  1. Прокурордың қорытындысы мыналарды:

1) сотталғанның сауалнамалық деректерін;

2) іс бойынша шығарылған сот актілері туралы мәліметтерді;

3) істі қайта қарау негіздерін;

4) шағымның, өтінішхаттың мәнісін;

5) шағым, өтінішхат дәйектерін талдау және істің материалдарымен салыстыру, оның ішінде дәлелдемелердің жеткіліктілігіне, жол берілетіндігіне және дұрыстығына баға беріледі;

7) мемлекеттік айыптаушы ұстанымының негізділігі немесе негізсіздігі туралы қорытындыны;

8) болған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытындыны;

9) прокурордың келтірілген апелляциялық өтінішхатының, апелляциялық шағымдардың негізділігі немесе негізсіздігі туралы қорытындыны қамтиды.

Апелляциялық сатыдағы сотта прокурордың қорытындысын облыс прокуроры немесе  облыс прокурорының жетекшелік ететін орынбасары бекітеді.

Кассациялық сатыдағы сотта прокурордың қорытындысын                   Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекітеді.

  1. Прокурордың апелляциялық өтінішхатын келтірген прокурор сот отырысы басталғанға дейін, егер мұндай талап бастапқы өтінішхатта қамтылмаған болса, сотталғанның жағдайының нашарлауы туралы мәселені қоймастан, өзінің прокурор өтінішхатын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы.
  2. Апелляциялық өтінішхат келтірген прокурор немесе жоғары тұрған прокурор оны апелляциялық сатының отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алуға құқылы.
  3. Прокурордың апелляциялық өтінішхатынсыз айтарлықтай негіздер бойынша соттың үкімінің (қаулысының) күшін жою немесе өзгертудің әрбір фактісі облыс прокуратурасы тарапынан талдауға жатады. Талдау нәтижелері бұзушылықтарға жол бермеу бойынша шаралар қабылдау үшін төмен тұрған прокуратураларға жіберіледі.

Айтарлықтай негіздер бойынша заңды күші жойылған немесе өзгертілген үкімдерге (қаулыларға) мыналарға алып келетін заңсыз үкімдер (қаулылар) жатады:

1) мемлекеттік айыптаушы, сол сияқты апелляциялық сатыдағы прокурор айыптау ұстанымын ұстанған жағдайда кінәсізді соттау;

2) ақтау үкімін негізсіз шығару немесе оңалтушы негіздер бойынша істі тоқтату;

3) аса ауыр қылмыс санаты бойынша дұрыс емес саралау не қылмыстық теріс қылық құрамы болған кезде қылмыс үшін соттау;

4) жазаны тағайындау, қайталану түрін, қылмыстық атқару жүйесі мекемесін айқындау  кезінде қылмыстық заңды анық түрде дұрыс қолданбау.

 

 

5-тарау. Заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын

қадағалауды ұйымдастыру

 

  1. Қызмет заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыра отырып, соттан қылмыстық істі сұратады, болған сот актілерінің заңдылығын зерттейді және негіздер болған кезде Бас Прокурордың оларды кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылықтарды дайындайды.
  2. Облыс прокуратурасы күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыра отырып, өз бастамасы бойынша немесе Бас Прокурордың, оның орынбасарының немесе Қызмет бастығының тапсырмасы бойынша соттан қылмыстық істі сұратады, болған сот актілерінің заңдылығын зерттейді және негіздер болған кезде Бас Прокурорға кассациялық тәртіппен наразылық келтіру туралы өтінішхатты енгізеді.
  3. Облыс прокурорының кассациялық тәртіппен наразылық келтіру туралы өтінішхатын Қызмет қылмыстық іс келіп түскен күннен бастап бір айлық мерзімде қарайды. Бұл мерзімді істің күрделілігіне немесе үлкен ауқымына байланысты Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары Қызмет бастығының баянаты бойынша, бірақ әр кез сайын бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
  4. Облыс прокурорының өтінішхаты кері қайтарылған жағдайда, Қызмет Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары бекітетін сот актілерінің заңдылығы туралы тиісті қорытындыны жасайды.
  5. Сот актілерінің заңдылығы туралы қорытынды бірінші және апелляциялық саты соттарына қатысқан сотқа айыпталушыны берген, сотқа дейінгі іс жүргізудің, ал жүйелі бұзушылықтар жағдайында – олардың басшыларының заңдылығын, прокурорлар әрекеттері мен шешімдеріне баға беруді қадағалауды жүзеге асырған прокурорлардың әрекеттері мен шешімдеріне баға беруді қамтуға тиіс.
  6. Облыс прокурорының тиісті өтінішхатынсыз оңалтушы негіздер бойынша Жоғарғы Сотта қылмыстық іс тоқтатылған кезде Қызмет осы қылмыстық іс бойынша прокурорлардың және олардың басшыларының әрекеттері мен шешімдеріне баға берілетін қорытындыны жасайды. Қорытынды Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасарына Бас Прокурорға одан әрі баяндау үшін ұсынылады.
  7. Сотталғандардың жағдайын нашарлатуға бағытталған облыс прокурорларының өтінішхаттары, осы Нұсқаулықтың 26-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Бас прокуратураға сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін тоғыз айдан кешіктірілмей ұсынылады. Көрсетілген мерзім бұзылған жағдайда өтінішхатқа себептерді түсіндірулер қоса беріледі.

 

6-тарау. Жұмысты ұйымдастыру сапасын талдау

және прокурорлардың жауаптылығы

 

  1. Сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік ету бойынша жұмысты ұйымдастыру сапасы тоқсан сайын облыс прокуратуралары мынадай:

1) мемлекеттік айыптауды қолдау сапасы;

2) заңсыз сот актілерін сапасы және апелляциялық ден қоюдың уақтылығы;

3)  апелляциялық сатыдағы соттарға қатысу сапасы бағыттары бойынша талдайды.

  1. Мемлекеттік айыптауды қолдау сапасы олардың жұмысының тиімділігін талдауды ескере отырып, оның ішінде сот отырыстарының бейне жазбаларын, мемлекеттік айыптаушылардың жұмыс сапасына қатысты сот қаулыларын мониторингтеу нәтижелері, сот актілерін жоғары тұрған соттарда қайта қарау нәтижелері бойынша бағаланады.
  2. Заңсыз сот актілеріне апелляциялық ден қоюдың сапасы мен уақтылығы апелляциялық шағымдарды, кері қайтаруды қоса алғанда прокурорлардың өтінішхаттарын қарау нәтижелерін талдауды ескере отырып бағаланады. Бұл ретте, прокурордың апелляциялық өтінішхатын кері қайтару фактісі оны келтіру себептеріне және актінің өзінің сапасына баға бермей прокурор атына сын айтуға негіз болып табылмайды.
  3. Апелляциялық саты соттарына қатысу сапасы олардың жұмысының тиімділігін талдауды ескере отырып, оның ішінде сот отырыстарының бейне жазбаларын, соттардың олардың қатысу сапасына қатысты жеке қаулыларды, айтарлықтай негіздер бойынша кассациялық сатыда сот актілерін қайта қарау нәтижелерін ескере отырып, олардың қорытындыларының негізділігін мониторингтеу нәтижелері бойынша бағаланады.
  4. Айыпталушыны сотқа берген прокурордың жауаптылығы мәселесі сот сатыларында ақтау үкімін шығаруға немесе оңалтушы негіздер бойынша істі тоқтатуға не айтарлықтай негіздер бойынша сот актісін қайта қарауға алып келген сотқа дейінгі іс жүргізудің заңдылығын тиісінше емес қадағалау фактілері анықталған жағдайларда қаралады.
  5. Мемлекеттік айыптаушының жауаптылығы туралы мәселе мемлекеттік айыптауды сапасыз қолдаған, сондай-ақ апелляциялық ден қоюсыз қалдырған не анық заңсыз сот актісіне уақтылы апелляциялық ден қоймаған (мерзімін өткізу) жағдайда қаралады.
  6. Облыс прокурорының немесе оның орынбасарының немесе облыс және аудан прокуратурасының құрылымдық бөлімшесі басшылығының жауаптылығы туралы мәселе олар тарапынан тікелей бұзушылық кезіндегі нақты қылмыстық істер бойынша да, бағынысты қызметкерлер мен прокуратуралар жұмысындағы жүйелі кемшіліктер мен бұзушылықтар бойынша да қаралады.
  7. Сотта қылмыстық істер бойынша мемлекет мүдделерін білдіретін прокурор мыналар үшін:

айыптаудан негізді түрде бас тартқаны үшін;

егер ол сотқа дәлелдемелер арасынан тиісті материалдарды алып тастау туралы өтінішхатты мәлімдесе, сот қарауы барысында анықталған қылмыстық қудалаудың сотқа дейінгі сатысында жіберілген қателіктер мен бұзушылықтар үшін;

баға берілуі даулы сипатқа ие сот зерттеген дәлелдемелерге (материалдарға) негізделген ұстаным үшін тәртіптік жауап беруге жатпайды.

  1. Ақтау үкімі немесе оңалтушы негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы, саралауды өзгерту, егер:

айыптау ұстанымы қоғамдағы немесе процесс тарапынан наразылық көңіл күйіне (резонанс, жәбірленушілердің татуласпайтын ұстанымы) не құқық нормаларын даулы талқылаумен (бағалау сипаты) байланысты болса;

ақтау, саралауды өзгерту негіздері  сотта ғана белгілі болса (куәлардың, іске қатысушылардың айғақтарының өзгеруі, қосымша сараптама, бұрын белгілі болмаған құжаттар және басқа да мән-жайлар);

прокурор ұстанымы  жалпы қабылданған сот практикасына негізделген не белгілі бір іс санаты бойынша сот практикасын пысықтау қажеттігіне байланысты болса, мемлекеттік айыптаушының тәртіптік жауаптылығына негіз болып табылмайды.

  1. Егер бірінші сатыдағы соттардың заңсыз сот актілері, бұзушылықтар жүйелі сипат алған жағдайларды қоспағанда, қатысушы прокурордың апелляциялық сатыдағы сотта немесе облыс прокурорының бастамасы бойынша кассациялық сатыдағы сотта заңға сәйкестікке келтірген болса, облыс прокурорлары және олардың орынбасарлары жауаптылыққа жатпайды.
  2. Сыныптық шендері және әскери атақтары бар прокурорлар сот отырысына нысандық киімде қатысады.

 

7-тарау. Қорытынды ережелер

 

  1. Қылмыстық істер бойынша соттарға қатысатын прокурорлардың кәсіптік және іскерлік сапасын мониторингтеу мақсатында Республикалық мемлекеттік айыптаушылар тізілімі (бұдан әрі - Тізілім) жүргізіледі. Прокурорлар облыс прокурорының өкімімен көрсетілген Тізілімге енгізіледі және одан алынады.
  2. Облыс прокурорлары тұрақты негізде мемлекеттік айыптауды қолдау және қажетті құзыреті бар қызметкерлердің апелляциялық сатыға қатысуы бойынша бөлімшелерді жинақтауға шаралар қолданады.
  3. Қызмет Құқық қорғау органдары академиясымен өзара іс-қимылды жүйелі негізде мемлекеттік айыптаушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған оқытулар немесе өзге де іс-шараларды ұйымдастырады.
  4. Мемлекеттік айыптаушылардың құрамын нығайту және толтыру мақсатында прокуратура органдарының басшылары бірінші сатыдағы соттарда үш жылға дейін жұмыс өтілі бар бағынышты қызметкердің жарты жылда бір реттен жиі емес қатысуын қамтамасыз етеді.
  5. Мемлекеттік айыптаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, сотта мемлекеттік айыптауды қолдау сапасы үшін жауаптылықты күшейту мақсатында бас сот талқылауының аудиобейне жазбаларының хаттамалары таңдамалы түрде талданады.
  6. Қылмыстық істер бойынша сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік ету және заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалау мәселелеріне байланысты тәртібін, мерзімін және нысанын Қызмет айқындайды.
  7. Облыс прокурорларының орынбасарлары, аудан прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар жарты жылда бір реттен жиі емес бірінші сатыдағы соттар мемлекеттік айыптауды жеке қолдайды.
Қылмыстық істер бойынша сотта мемлекет мүдделеріне өкілдік етуді және заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық
Дата публикации
13 апреля 2021