«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында Алматы қаласы прокуратурасының бастамасымен 29.04.2025 ж. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Зорлық-зомбылықсыз отбасы: диалог, алдын-алу, қорғау» атты Форум өтті.
Форум жұмысына Алматы қаласының прокуроры Серік Кәріпбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты.
Көрермендер ретінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы Полиция бөлімінің есебінде тұрған тұлғалар мен университет студенттері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамның белсенділігін арттыру арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу.
Форумда отбасындағы зорлық-зомбылықтың салдары, жәбірленуші мен балалардың психологиялық жай-күйіне кері әсері, үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтары мен баспаналарының жұмысы талқыланды.
Форум тыңдармандарына «Мақсат» қайырымдылық қорының психологтары интерактивті психологиялық тренингтер өткізді.
Олар үшін әлеуметтік қорғау, еңбек мобильділігі, мансаптық орталық және басқа да мемлекеттік органдардан құралған мобильді қабылдау бөлмесі ұйымдастырылып, әлеуметтік және кеңестік көмек көрсетілді.
Қала прокуратурасы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу бағытында уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру арқылы жүйелі жұмыс жүргізуде.
Алматы қаласының прокуратурасы