Қадағалау органы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда.
Қазіргі уақытта 68 инвестор өз жобаларын іске асыруда, олар бойынша инвестиция сомасы 868 млрд теңгені құрайды.
Прокурорлар уәкілетті органдар тарапынан инвесторлармен жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын, өзара іс-қимылдың жоқтығын, олардың заңды құқықтарының бұзылғандығын анықтады.
Мысалы, Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы Құрылыс саласында құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту ережелерін бұза отырып (30.09.2015 ж. №750 ҰЭМ бұйрығы) «АМА» ЖШС мен «OD» ЖШС сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беруден бас тартқан.
Аталған жобалар 11 млрд теңгеден астам сомаға автоорталық пен рекреациялық кешен құрылысын жүзеге асыруда.
Прокуратураның наразылығы бойынша заңсыз бас тартулар жойылып, инвесторларға рұқсат құжаттары берілді.
Тағы бір жәйт, әкімдік Жер кодексінің 43-бабын бұза отырып, 5 ай бойы емдеу-сауықтыру кешеніне жер телімін беру мәселесін қарастырған (жобаның құны 4 млрд теңге).
Аталған рәсім заң бойынша 20 жұмыс күнінен аспауы тиіс.
Прокурорлардың араласуынан кейін инвестордың өтініші қанағаттандырылып, оған жер телімі берілді.
Бүгінгі күнге прокуратура инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын 4 инвестордың проблемалық мәселелерін шешіп, 500-ден астам жұмыс орнын ашты.
Прокуратураның негізгі міндеті болып, инвесторлардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қалпына келтіру, проблемаларды тиімді шешу табылады.
Инвесторлардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында Алматы қаласы прокурорының өкімімен Фронт-офис құрылып, тәулік бойы мобильді топ жұмыс істейді (байланыс телефоны 8-701-775-55-00).
Алматы қаласының прокуратурасы