Алматыда полицейлердің кәсіпкерлерге сапарын есепке алу жүргізіледі

Алматыда полицейлердің кәсіпкерлерге сапарын есепке алу жүргізіледі

Кәсіпкерлерді бақылаудың кең таралған түрлерінің бірі алдын алу шараларын жүзеге асыру шеңберінде полиция тарапынан тексерулер жүргізу болып табылады. Заң бойынша бұл тексеру құқықтық статистика органдарында тіркелуге жатпайды, яғни  іс жүзінде қандай да бір есепке алынбайды.  

Бұл бизнес субъектілерінің қызметіне негізсіз араласуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, Алматы қаласы прокуратурасының және «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының ұсынысы бойынша Алматы қаласының Полиция департаменті бизнеске қысымды төмендету бойынша қосымша шаралар қабылдады.

Қаланың жергілікті полиция қызметінің барлық қызметкерлеріне кәсіпкерлерді тексеру себептері, оның нәтижелері және кәсіпкердің пікір қалдыру мүмкіндігі туралы ақпарат енгізе отырып, әрбір сапарды тіркеуге міндеттелді.

Сонымен қатар аталған үдерісті цифрландыру мәселесін қарастыру ұсынылды.

Бұл шара полиция қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырады, негізсіз тексерулерді азайтуға және басшылық пен қадағалау органының бақылауын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.