Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу өткізілді

Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу өткізілді

23.06.2022 жылы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ірі және орталық аудандардың бірі Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесті. Іс-шараға қала прокуроры Берік Жүйріктаев та қатысты.

Тұрғындар ауданның инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру, жекелеген учаскелердегі қоғамдық көліктердің жүктемесі, жол қозғалысы қауіпсіздігі, сондай-ақ тығыз салынған құрылысқа қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.

Тастақ ықшам ауданының тұрғындары Төле би көшесі бойындағы үздіксіз сауда мен тәртіпсіз тұрақ мәселесін атап өтті, сондай-ақ «Сайран»автовокзалы ауданында қосымша полиция пунктін орнатуды сұрады.

Қаланың орталық бөлігінде тұратын азаматтар Панфилов пен Жібек жолы көшелерінің бойындағы серуендеу тыныштықты жүйелі түрде бұзатынына шағымданды.

Сонымен қатар азаматтардың бірі мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдау бойынша қызметтер дұрыс ұйымдастырылмағанын атап өтті.

Қала прокуроры бірқатар тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.     

Кездесу қорытындысы бойынша аумақтық құқық қорғау органдарына тұрғындардың құқықтық сипаттағы проблемаларын талдау және шаралар қабылдау бойынша нақты тапсырмалар берілді.