Әскери борыш – абыройлы міндет!

Әскери борыш – абыройлы міндет!

Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз.

Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті.

Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш.

Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отан сүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны.

Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.

Алайда соңғы уақытта азаматтарды әскери қызметке шақыру үлкен проблемалық мәселеге айналуда.

Біздің елімізді қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы және конституциялық міндеті болып табылады (Конституцияның 36-бабы).

 Жыл сайын Қазақстан Президенті азаматтарды әскер қатарына шақыруды жариялайды. Оны ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) сәйкес жүзеге асырылады.

 Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақыруға жатады (Заңның 31-бабы).

Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті.

Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі (Заңның 30-бабы).

Әскери міндетті орындаудан жалтарған тұлғаларды іздестіруді де ішкі істер органдары жүзеге асырады (Заңның 17-бабының 3-бөлігі).

Бұл ретте, әскери қызметтен жалтару тиісті қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, азаматтарды саналы болуға, ал жұртшылықты жүргізіліп жатқан шақыру науқанына түсіністікпен қарауға шақырамыз.