Алматыда 400-ден астам мүгедек, жетім және көп балалы аналарға төленген мемлекеттік баж қайтарылады

Алматыда 400-ден астам мүгедек, жетім және көп балалы аналарға төленген мемлекеттік баж қайтарылады

      Алматы қаласының прокуратурасы халықтың әлеуметтік осал топтарынан құжаттау қызметтері үшін мемлекеттік бажды алу заңдылығына талдау жүргізді.

    «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексінің 622-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке куәліктері, сондай-ақ шетел азаматының Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат және азаматтығы жоқ адамның куәлiктерi берілген кезінде адамдардың белгілі бір санаты мемлекеттік баж төлеуден босатылды.

    Оларға ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілген адамдар; мүгедектер; қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар; балалар үйлерінде және (немесе) интернаттарда тұратын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; "Батыр Ана” атағына ие болған, “Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналар жатады. 

     Қадағалау органы ХҚКО-да әлеуметтік осал санаттағы 400-ден астам тұлғадан 22 мың теңгеге дейін мемлекеттік баж негізсіз алынғанын анықтады.

    Алмалы ауданының прокуратурасы "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ атына заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізді.

      Оны қарау қорытындысы бойынша ақшаны қайтару бойынша шаралар қабылдануда, КЕАҚ басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.