Прокурорлар Алматыдағы тығыз салынған құрылыс жұмыстарын тексерді

Прокурорлар Алматыдағы тығыз салынған құрылыс жұмыстарын тексерді

Бүгін прокурорлар азаматтардың наразылығын тудыратын бірнеше құрылыс нысандарын аралады.

Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры А.Н.Жақыпов әкімдік өкілдерімен бірге Әлімжанов көшесі, 54-үйдің тұрғындарымен тығыз салынған құрылыс мәселелері бойынша кездесті.

Бұл нысан тарихи-мәдени мұра ескерткішінің «Қызыл-таң» маталар үйінің қорғау аймағында орналасқандығы анықталды.

Сол жерде прокурор тапсырма беріп, олардың заңдылығын зерттеу үшін құрылысқа арналған барлық рұқсат құжаттарын сұратты.

Жалпы, азаматтық белсенділердің қатысуымен 36 нақты құрылыс нысаны анықталды. Қазіргі уақытта қала әкімдігі олар бойынша жағдайды реттеу және олардың алдағы тағдырын анықтау бойынша кешенді шаралар қабылдауда.

Бүгінде мемлекет мұқтажы үшін 8 жер учаскесін сатып алу мәселесі қарастырылуда.

10 нысан бойынша абаттандыру ерекшеліктері мен халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, құрылысты аяқтау ұсынылды, 5 нысан бойынша бұзылған ғимараттарды қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Сонымен қатарәкімдік қала құрылысының жаңа ережелерін әзірледі, яғни қаланың орталық бөлігі мен аула аумақтарының тығыздалған құрылысы, ғимараттардың рұқсат етілген биіктігі, тарихи құрылыстың қасбеттерін өзгерту, қаланың тарихи даралығын қалыптастыратын объектілерді бұзу және т.б. бойыншажеке шектеулер қарастырылған.

Бұл нормалар қаланың қалыптасқан тарихи келбетін сақтауға ықпал етеді.

Ағымдағы жылдың 17 наурызында ел Президенті Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында прокуратураға әкімдікпен бірлесіп, тығыз құрылысы бар аудандардағы құрылыстың проблемалық фактілері бойынша жағдайды талдауды және тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Осыған байланысты, қала прокуратурасы аэрациялық режимді, жасыл желектерді, қалалық ортаның жайлылығын сақтау мақсатында заңсыз құрылыстың кез келген фактісінің жолын кеседі.

 

 

Алматы қаласының прокуратурасы