«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыру аясында және заңсыз қоқыс үйінділері мәселесін жүйелі түрде шешу мақсатында Алматы қаласының прокуратурасының бастамасымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп «TazaQala» цифрлық платформасы әзірленіп, қолданысқа енгізілді.
Платформа жасанды интеллект элементтеріне негізделген және тұрғындарға қалдықтарды заңсыз орналастыру орындарын анықтауға белсенді қатысуға, сондай-ақ қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда платформа арқылы 865 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 497-сі жойылды, 500 тоннадан астам қалдық шығарылды.
Қалдықтарды басқару кезінде экологиялық талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 3 және 5-бөліктері бойынша жергілікті атқарушы органдардың басшылары әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
2026 жылғы 15 маусымнан бастап прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шараларды жүргізуде.
Рейдтердің қорытындысы бойынша абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, жасыл желектерді күтіп-ұстау қағидаларын бұзу және экологиялық заңнама саласындағы өзге де құқық бұзушылықтар үшін 100-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды.
Заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою, сондай-ақ халықтың экологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасуда және прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.
Алматы қаласының прокуратурасы