Алматы қаласының прокуратурасы атынан қала прокуроры Серік Кәріпбеков пен Yandex Qazaqstan атынан компания басшысы Тимур Шалекенов алимент төлеуден жалтарғандарға қарсы және балалардың құқықтарын қорғауға әрекет етуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қала прокуроры қабылданған шараларға қарамастан, формальді түрде жұмыссыз, бірақ іс жүзінде сандық платформалар, оның ішінде Яндекс Такси сервистері арқылы табыс табатын қасақана алимент төлемейтіндердің нақты табыстарын жасыру фактілерінің анықталғанын атап өтті.
2025 жылы 110 осындай факті анықталды, 57 адамға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды, 10 факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Келісім, жүйелі және заңды ақпараттық өзара іс-қимылды, жедел мәлімет алмасуды, сондай-ақ кірістерді жасыру және алименттік берешектің пайда болу фактілерін анықтауға және жолын кесуге жәрдемдесуді көздейді.
Аталған меморандум балалар құқықтарын қорғауға және мемлекет пен әлеуметтік жауапты бизнестің өзара іс-қимылы негізінде алименттік міндеттемелерді орындаудың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Алматы қаласының прокуратурасы