Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы кәсіптер жылында» қала прокуратурасы мен қалалық әкімдік бірлесіп Қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге 70-тен астам жұмыс беруші шақырылды (соның ішінде «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының және Алматы индустриялық аймағының жұмыс берушілері), олар 221 бос лауазым бойынша 1 247-ден астам жұмыс орынды ұсынды.
Ұсынылған салалар қатарында құрылыс, өндіріс және өнеркәсіп, көлік және логистика, қызмет көрсету, сауда, қоғамдық тамақтандыру, білім беру, медицина және қаржы секторлары бар.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша 240 адам тұрақты жұмыс орындарына еңбекке орналастырылды, 5 адам «Жастар практикасы» бағдарламасына жолданды, 2 қатысушы қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 10 адам Skills.enbek.kz платформасында «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша оқуды бастады, сондай-ақ 800-ден астам адам жұмыс берушілердің конкурстық іріктеуінен өтуде.
Алматы қаласының прокуратурасы