Алматы қаласының арнайы прокурорлары есірткі заттарының аса ірі көлемдегі контрабандасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеу барысында жазасын пенитенциарлық мекемеде өтеп жатқан сотталған адам Америка Құрама Штаттарынан Алматыға есірткі құралы - марихуана мен каннабис сығындысы салынған сәлемдемелерді жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анықталды.
Қылмыстық әрекетке ұйымдастырушылар, кураторлар, қамқоршылар, дропперлер, жасырын белгілеушілер және өлшеп ораушылар тартылған.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде «Жетісу» кеден бекетінде салмағы 43 кг құрайтын марихуана мен каннабис сығындысы салынған 25 сәлемдеме тәркіленді. Олар іс бойынша заттай дәлелдемелер деп танылды.
Тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені, сондай-ақ сот сараптамаларының нәтижелері, айыпталушылардың құқыққа қарсы қызметін растады.
20 күдікті, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік органының 2 қызметкері және қылмыстық топтың қызметіне қамқорлық көрсеткен ҚР ІІМ ҚАЖК-нің 3 қызметкері ұсталды.
Іс бойынша айыпталушыларға есірткі заттарын контрабандалағаны және сатқаны, сондай-ақ лауазымдық қылмыстары үшін жауаптылықты көздейтін баптар бойынша айып тағылды.
Заңсыз қызметтен алынған табысты күдіктілер жылжымайтын мүлікті, жер учаскелерін және автокөлік құралдарын сатып алу жолымен заңдастырған. Соттың санкциясымен 5 пәтерге, 3 құрылысқа, 10 жер учаскесіне және 44 автокөлік құралына тыйым салынды.
30.09.2025 ж. қылмыстық ісі мәні бойынша қарау үшін Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Алматы қаласының прокуратурасы есірткі құралдарының заңсыз айналымы ауыр қылмыс болып табылатынын және қатаң түрде қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын ескертеді. Өзінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға беру кезінде сақтық танытуды еске саламыз.
Алматы қаласының прокуратурасы