«Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында Алматы қаласының прокуроры Серік Кәріпбеков Іле Алатау ұлттық саябағының аумағын көгалдандыру акциясына қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ректоры Мейрам Бегентаев, мемлекеттік органдардың, экологиялық ұйымдардың өкілдері, студенттер мен еріктілер қатысты.
Акция барысында 800-ден астам шырша көшеттері отырғызылды. Іс-шара табиғи экожүйені қалпына келтіруге, экологиялық жағдайды жақсартуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін дамытуға бағытталған.
Серік Кәріпбеков ағаштарды отырғызып қана қоймай, оларға күтім жасау маңызды екенін, өйткені бұл өскелең ұрпақ үшін ортақ мұра екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан» бастамасы, елдің табиғи байлығы мен тазалығын сақтау мақсатында мемлекеттің, қоғам мен бизнестің күш-жігерін біріктіреді.
Алматы қаласының прокуратурасы