Алматыда алиментті қасақана төлемеген екі адам сотталды

Алматыда алиментті қасақана төлемеген екі адам сотталды

Алматы қаласының прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау және алимент төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалуын бақылау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Алимент төлеуден жалтарған адамдардан оны өндіріп алу мәселесі қадағалау органының тұрақты бақылауында.

Прокуратура, полиция және уәкілетті органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде Алматының екі тұрғыны тұрақты табыс көзі бола тұрып, ұзақ уақыт бойы балаларды бағу жөніндегі өз міндеттерін орындаудан жалтарғаны анықталды.

Қылмыстық істердің материалдары сотқа жолданды, сот оларды кінәлі деп танып, әрқайсысына бір жыл бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кәмелетке толмағандардың пайдасына 80 миллионға жуық теңге өндірілді. Жұмыс барысында алиментті қасақана төлемеген 14 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Жұмыспен қамту мәселесін шешуге жәрдемдесу үшін бос орындар жәрмеңкесі өткізілді, оның қорытындысына сәйкес 27 борышкер жұмысқа тұрды. Алимент төлемейтіндерге әсер ету мақсатында 24 жүргізуші куәлігінің қолданылуы тоқтатылды.

Қала прокуратурасы алимент төлеуден жалтару Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы бойынша, соның ішінде 5 тәулікке дейін қамауға алуды қоса алғанда әкімшілік жауаптылыққа тартылғандай, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабымен де екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатынын еске салады.

 

Алматы қаласының прокуратурасы