Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануына байланысты сот ісін жүргізудің новеллалары

Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануына байланысты сот ісін жүргізудің новеллалары

2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі - ӘРПК) күшіне енеді, «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдарының күші жойылады. Азаматтық процестік кодекстің бірқатар нормалары, оның ішінде 27-29 - тараулар, басқа кодекстер мен заңдардың нормалары өз қолданысын тоқтатады.

  ​       Жаңа кодекс әкімшілік рәсімдерді, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін айтарлықтай бірегей заңнамалық актіні білдіреді. Бұрын Қазақстанда мұндай кодекс болған емес.

         ​Жоғары тұрған органда немесе сотта мемлекеттік билік органдарымен дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау ӘРПК-ті қабылдаудың негізгі мақсаты болып табылады.

  ​       ӘРПК азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін, сондай-ақ олармен келіспеген жағдайда шешімдерге шағым жасау тәртібін қамтиды.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша мемлекеттік орган әкімшілік акт қабылдайтын болады, ол қорытынды шешім болып табылады.

         ​Әкімшілік сот ісін жүргізудің жаңалықтары:  

- дауларды қарау мерзімі (ақылға қонымды мерзім, бірақ 3 айдан аспайды);

- сот талқылауының шектері. Соттың белсенді рөлі. Сот талап қою мәтінімен байланысты емес, азаматтарға талап қою талаптарын дұрыс баяндауға, құжаттарды дайындауға, қосымша дәлелдемелер жинауға, қателерді жоюға және т. б. жәрдемдесуге құқылы;

        - талап - арызды қабылдау және қарау рәсімін оңайлату. Сот талап-арызды қайтаруға ғана құқылы. Талап - арызды қараусыз қалдыру, талап қою бойынша іс жүргізуді қабылдаудан бас тарту және тоқтату - көзделмеген;

- процестік мәжбүрлеу шаралары. Ақшалай өндіріп алу - сот процестік құқықтарды теріс пайдаланғаны, процестік міндеттерді орындамағаны, сотқа келмегені, сот шешімін орындамағаны үшін ақшалай өндіріп алу салуға құқылы. Айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады және жеке, лауазымды адамнан, заңды тұлғадан өндіріп алынады;

        - талап-арыздардың толық тізбесін белгілеу (барлығы 4 түрі);

​         - сот актілерінің заңды күшіне енуі: 2 ай өткеннен кейін күшіне енеді. Апелляциялық және кассациялық тәртіппен дәйекті шағым жасалған жағдайда, сот актісі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қарағаннан кейін күшіне енеді;

        - сот уәкілетті мемлекеттік органдардың сот шешімінің орындалуын бақылайтын болады.

        Әкімшілік сот ісін жүргізудегі талап қою түрлері. Барлығы 4:

- дау айту туралы талап - әкімшілік акт талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзған кезде ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою туралы талап қойып, дау айту туралы талап қоюға құқылы;

- мәжбүрлеу туралы талап - талап қоюшы әкімшілік органның әрекетсіздігі себебінен қабылдаудан бас тартылған не ол қабылданбаған қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды талап ете алады;

- іс - әрекет жасау туралы талап - талап қоюшы әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған белгілі бір іс - әрекеттерді жасауды немесе осындай іс-әрекеттерден қалыс қалуды талап етуі мүмкін;

- тану туралы талап: талапкер, егер ол жоғарыда аталған талаптарды бере алмаса, қандай да бір құқықтық қатынастардың болуын немесе болмауын мойындауды талап ете алады (мысалы, зейнеткердің жоғары зейнетақы мөлшерін алу құқығын тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуі).

Сот бақылауы: сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді.

Жауапкер сот шешімін ол заңды күшіне енген күннен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, бұл туралы ол сотқа хабарлауға тиіс.

Егер сот шешімі онда белгіленген мерзімде орындалмаса, бірінші сатыдағы сот ақшалай өндіріп алу қолданады.

Сот шешімін, соттың ақшалай өндіріп алу туралы ұйғарымын орындамау қайтадан ақшалай өндіріп алуға әкеп соғады.

ӘРПК қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сот жүйесіне жүктемені азайтуға әкеледі деп күтілуде.

 

 

Алматы облысының

прокуратурасы