Жасанды интеллект заңсыз көші-қонмен күресуде

Жасанды интеллект заңсыз көші-қонмен күресуде

Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың төрағалығымен көші-қон заңнамасының сақталуы мәселелеріне арналған Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Отырыс барысында облыс прокуратурасы прокурорлық қадағалауды цифрландыру мақсатында жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау технологияларын қолдана отырып әзірленген «Dala-Cloud» ақпараттық-талдамалық жүйесін таныстырды.

Жүйе мемлекеттік ақпараттық ресурстардағы мәліметтерді автоматты түрде талдап, тәуекел индикаторларын анықтайды және көші-қон заңнамасын бұзудың жүйелі фактілерін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

«Dala-Cloud» жүйесінің көмегімен 159 мыңнан астам шетел азаматы және 30 мыңнан астам әкімшілік материал бойынша мәліметтер талданды.

Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылықтарды дұрыс сараламаудың 287 фактісі, жұмыс берушілерге қатысты шара қолданбаудың 61 жағдайы, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 11 фактісі, елден шығарып жіберу туралы сот актілерінің орындалмауының 12 фактісі, тұрғын үй иелерінің келісімінсіз шетел азаматтарын тіркеудің 5 фактісі, сондай-ақ өзге де жүйелі заң бұзушылықтар анықталды.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс прокуроры Берік Адамов заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылы көші-қон заңнамасы талаптарының бұзылуын уақтылы анықтауды, жолын кесуді және алдын алуды қамтамасыз ететінін атап өтті.