Талғар ауданының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвесторлардың құқықтарын қорғауға, әкімшілік кедергілерді анықтауға және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге бағытталған «Invest Caravan» форматындағы көшпелі іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында аудан аумағындағы негізгі инвестициялық жобаларға шығу жұмыстары жүргізіліп, инвесторлардың жиі кездесетін өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, рұқсат беру құжаттарын алу, мемлекеттік қызметтердің уақытылы көрсетілуі және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында құны 6 миллиард теңгені құрайтын көпфункционалды өндірістік-логистикалық кешеннің, сондай-ақ инвестиция көлемі 3,3 миллиард теңге болатын құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жалпы көшпелі іс-шара аясында жалпы құны 95 миллиард теңгеден асатын 15 инвестициялық жоба қамтылды.
Әрбір жоба бойынша туындаған мәселелер мен инвесторлардың ұсыныстары талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға анықталған мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, оларды шешу тетіктері мен мерзімдері айқындалды.
Талғар ауданының прокуратурасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жалғастырып, инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың бастамаларын іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.