Алматы облысының прокуратурасы заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою, сондай-ақ елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Осы мақсатта полиция және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Рейдтердің негізгі мақсаты экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды дер кезінде анықтау және жолын кесу.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 201 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Қазіргі уақытта прокуратура уәкілетті органдармен бірлесіп аумақтарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту, профилактикалық жұмыстарды күшейту және тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Таза қоршаған орта әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осыған байланысты облыс тұрғындарын тазалықты сақтауға және экологиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз.