Браконьерлікке карсы шаралар күшейтілді

Браконьерлікке карсы шаралар күшейтілді

Алматы облысының табиғат қорғау прокуратурасы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жабайы жануарлар мен балық ресурстарын заңсыз аулауға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында уәкілетті органдармен бірлесіп облыс аумағында рейдтік іс-шаралар жүргізуде.

Бүгінгі таңда табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 150-ден астам дерегі анықталып, заңсыз ауланған 1000 келіден астам биоресурс, сондай-ақ аулау құралдары тәркіленді. Анықталған фактілер бойынша 145 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, 4 қылмыстық іс қозғалды.

Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар, Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар түрлерін заңсыз аулаудың алдын алу мен жолын кесуге, сондай-ақ аңшылық және балық аулау қағидаларын сақтау мен ауланған ресурстарды тасымалдаудың заңдылығына ерекше назар аударылуда.

Табиғат қорғау прокуратурасы браконьерліктің экожүйеге елеулі зиян келтіретінін және құқық бұзушыларға ірі көлемдегі айыппұлдар, мүлікті тәркілеу және қылмыстық жауапкершілік қаупі төнетінін ескертеді.

Табиғатқа қарсы қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасатын болады. Азаматтарды ынтымақтастыққа шақырамыз: егер сізге браконьерлік фактілері белгілі болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауыңызды сұраймыз.