
Ағымдағы жылдың 27 қаңтарында Талғар ауданының прокуратурасы жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған жастар форумын ұйымдастырды. Форумға аудан колледждерінің 300-ден астам студенттері қатысып, өңірдің белсенді әрі мақсатшыл жастарын біріктірді.
Форум жұмысына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полиция қызметкерлері, блогерлер, коучтар және танымал спортшылар қатысты.
Форумның практикалық бөлігін кәсіби коучтар Бахытжан Санбаев пен Асхат Абжанов жүргізді. Олар soft skills дағдыларын дамыту, мақсат қою, тиімді коммуникация, тұлғалық өсу мен даму бағытында оқыту сессиялары мен тренингтер өткізіп, қойылған мақсаттарға жету үшін жеке ресурстарды дұрыс жоспарлау бойынша ұсыныстар берді.
Қатысушылар тек теориялық біліммен ғана емес, сонымен қатар оқуында, мансабында және күнделікті өмірінде қолдана алатын практикалық құралдар алды.
Атақты аралас жекпе-жек спортшылары жеке табыс тарихларымен бөлісіп, тәртіптің маңыздылығы, қиындықтарды жеңу және өз-өзіңмен үнемі жұмыс істеудің қажеттілігі туралы айтты.
Олардың кеңестері табандылық пен мақсаткерліктің жоғары нәтижелерге жеткізетінін көрсететін жарқын үлгі болды.
Блогер Тлеулесов Серік цифрлық кеңістікте өзін-өзі жүзеге асыру, жеке бренд қалыптастыру, контент үшін жауапкершілік және әлеуметтік желілердің жастарға әсері тақырыптарын қозғады. Сондай-ақ құндылықтар, саналы көзқарас және әлеуметтік белсенділік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жастар форумы шабыттандыратын үлгілерді, практикалық білім мен еркін пікір алмасуды тоғыстырған маңызды алаңға айналды.
#Заң_мен_тәртіп