Іле ауданы тұрғындарын алаңдататын өзекті мәселелердің бірі – Сорбұлақ су айдынына бағытталған қалалық кәріз жүйелерінен тарайтын тұрақты жағымсыз иіс.
Аталған кәріз желілері «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансында тұр.
Экология саласының мамандарымен бірлесіп жүргізілген тексеру барысында экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.
Атап айтқанда, алынған 48 сынаманың 21-інде метан, күкіртсутек және меркаптан заттарының шекті жол берілетін концентрацияларының асып кетуі тіркелген.
Сонымен қатар, жақын маңдағы ауылдық округтердің 400-ден астам тұрғыны тыныс алу органдарының әртүрлі аурулары бойынша медициналық есепте тұрғаны белгілі болды. Іле ауданы прокуратурасының қадағалау актісі негізінде Экология департаменті «Алматы Су» МКК-ны әкімшілік жауаптылыққа тартып, 14 млн теңге көлемінде айыппұл салды.
Бұдан бөлек, кәсіпорынға экологиялық заңбұзушылықтарға әкеп соққан себептерді жою туралы нұсқама берілді.
Қазіргі уақытта анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Прокуратура берілген нұсқамалардың орындалуына және экологиялық талаптардың сақталуына бақылауды жалғастырады.