
Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы газ, электр және сумен жабдықтау саласында қызмет атқаратын табиғи монополия субъектілерінің өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара коммуналдық қызметтердің сапасына, қамтамасыз етудің үздіксіздігіне, сондай-ақ қолданылып отырған тарифтердің негізділігіне қатысты азаматтар өтініштерінің көбеюіне байланысты ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел барысында тұтынушыларға қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, бекітілген тарифтерді сақтау, үстем жағдайды теріс пайдалануға жол бермеу, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелері қаралды. Қызмет көрсетуші ұйымдардың тұтынушылар алдындағы жауапкершілігі мен сапалы қызмет көрсету міндеттері атап өтілді.
Сонымен қатар электр энергиясымен, газбен және сумен жабдықтау салаларындағы талаптардың сақталуы, қызметтердің сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштерін уақтылы және толық қарау мәселелері талқыланды.
Табиғи монополия субъектілерінің өкілдеріне анықталған проблемаларды жою, тарифтік саясаттың ашықтығын арттыру, халықты уақтылы ақпараттандыру және азаматтардың шағымдарына жедел әрекет ету бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілді. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша талқыланған барлық мәселелер, ұсыныстар мен қабылданған міндеттемелер нақты іс-шаралар мен оларды орындау мерзімдері көрсетіле отырып, хаттамада бекітілді.
#Заң_мен_тәртіп