Алматы облысының прокуратурасымен «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Жол қозғалысының қауіпсіздігі» жобасы аясында жұмыстар жалғасуда.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу барысында прокуратура азаматтардың көптеген өтініштері мен шағымдарына назар аударды.
Аталған өтініштер республикалық маңызы бар «Алматы – Бішкек» автожолының жекелеген учаскелерінде көлік кептелістерінің жиі орын алуына байланысты болды.
Жоба аясында «Алматы – Бішкек» трассасының Долан ауылына бұрылыс маңында жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам орнатылды.
Сонымен қатар, осы автожолдағы ең күрделі учаске – 19-шақырымдағы бұрылыстан Алмалыбақ ауылына дейінгі аралық.
Бұл жерде көлік құралдарының көп жиналуы жиі байқалады. Кептелістердің негізгі себебі – екі бағыттағы қозғалысты тежейтін қолданыстағы бұрылыс.
Қазіргі уақытта аталған учаскеде көлік қозғалысын реттеу және қарқынды қозғалыс пен қауіпті бұрылыстар аймағында жылдамдықты бақылау мақсатында уақытша бағдаршам орнатылды.
Бұдан бөлек, 19-шақырым тұсынан жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының қолайлығы және жолдың өткізу қабілетін арттыру үшін «Алматы – Бішкек» трассасына шығу жолы абаттандырылды.
#Заң_мен_Тәртіп