Талғарда жаңа аудан прокуроры таныстырылып, жұмыстың басым бағыттары айқындалды

Талғарда жаңа аудан прокуроры таныстырылып, жұмыстың басым бағыттары айқындалды

Бүгін Талғарда Алматы облысының прокуроры Берік Адамов ведомствоаралық кеңес өткізіп, ауданның жаңа прокуроры — Жайнарбек Мыңбаевты таныстырды. Ол жаңа басшының прокуратура органдарында 18 жылдан астам қызмет өтілі бар екенін, соңғы 7 жылда Бас прокуратурада жұмыс істегенін атап өтті.

Берік Адамов Мыңбаевтың тәжірибелі әрі принципшіл қызметкер екенін айтып, оның тағайындалуы аудан көлемінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне тың серпін беретініне сенім білдірді.

Кеңес барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, тергеу сапасы және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Жыл басынан бері Талғар ауданындағы қылмыс деңгейі 17%-ға төмендеді (1661-ден 1369 дейін). Ұрлықтар 21%-ға, есірткі қылмыстары 46%-ға, тонаулар 23%-ға, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар 47,6%-ға, қайталама қылмыстар 57%-ға, мас күйінде жасалғандары 18,9%-ға және қоғамдық орындарда тіркелгендері 35,8%-ға азайған.

Тек қыркүйек айында ғана құқық қорғау органдары 2,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, 25 қылмысты ашты және екі іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады.

Балалар арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше назар аударылды. Жергілікті атқарушы органдармен кездесулер ұйымдастырылып, алдын алу жұмысына ауданның 8 мектебі мен 500-ден астам ата-ана тартылды.

Облыс прокурорының бағалауынша, аудандағы жағдай тұрақты, жүйелі жұмыс жүргізілуде, оң нәтижелер байқалады.

Берік Адамов аудан прокуратурасы мен полициясына профилактикалық шараларды күшейтуді, халықпен тығыз өзара әрекеттесуді, учаскелік инспекторлардың жұмысын қайта қарауды және көше мен есірткі қылмыстарына қарсы қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ ол: «Заңдылық пен азаматтардың қауіпсіздігі – әр басшының басты басымдығы болуы тиіс», – деп атап өтті.

Талғарда Халықаралық көші-қон ұйымы мен ЕҚЫҰ қолдауымен «Қауіпсіз және салауатты қауымдастықтар» жобасы іске асырылуда. Бұл бастама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы әріптестікті дамытуға бағытталған.

Жаңа оқу жылынан бастап ауданда «Заң мен тәртіп» атты азаматтық тәлімгерлік пилоттық жобасы іске қосылды. Оның мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу. Жобаға 10 мектеп пен 3 колледж қатысады, ал тәлімгерлер ретінде прокуратура мен полицияның тәжірибелі 13 ардагері тартылған.

Берік Адамов мұндай бастамалар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, азаматтарды бірлескен алдын алу жұмысына тартуға және заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.