Инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу – қадағалаудың басым бағыты

Инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу – қадағалаудың басым бағыты

«Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында Ақтөбе қаласында облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен, облыс прокуроры және мүдделі органдардың басшыларының қатысуымен Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті, жиында үш ірі инвестициялық жобаны құқықтық сүйемелдеу мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, Мұғалжар ауданында карбамид өндіретін азот тыңайтқыштар зауытының құрылысы (инвестиция көлемі – 820 млрд теңге), шыны ыдыс өндірісі (инвестиция көлемі – 34 млрд теңге), сондай-ақ «Coca-Cola Icecek» зауытының құрылысы (инвестиция көлемі – 32 млрд теңге) қаралды.

Облыс прокуроры Марат Әбішев инвесторлардың құқықтарын қорғау және жобаларды іске асыру кезінде заңдылықты қамтамасыз ету – прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Ол қатысушыларға құқықтық рәсімдердің толық сақталуын бақылап, жан-жақты қолдау көрсетуге қадағалаушы орган дайын екенін жеткізді.

— «Прокуратура барлық инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеудің заңды тұстарын бақылауға алады. Біз кез келген құқықтық кедергілер мен әкімшілік тосқауылдарға жедел әрекет етуге дайынбыз, инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруды қамтамасыз етеміз» — деді Марат Әбішев.

Облыс әкімі Асхат Шахаров прокуратураның ағымдағы жылдың II және III тоқсандарында іске асырылуы жоспарланған Жалпыұлттық инвестициялық пулдағы келесі 10 жобаны талқылауға шығаруға қатысты ұсынысын қолдады.

Аталған жобалар қатарында: KazFeltek – жүн өңдеу және тоқыма емес материалдар өндірісі цехы; Қазақстан электролиз зауыты – жел электр станциясының құрылысы; «Бенкала» кен компаниясы – темір кендерін құрғақ магниттік сепарациялау фабрикасы және басқа да бірқатар жобалар бар.

Облыс әкімдігі, прокуратура, «Kazakh Invest» АҚ, «Атамекен» ӨКП және басқа да мүдделі ведомстволар өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша бірлескен жұмыстарды жалғастыруда.

#Заң_мен_Тәртіп

#ЗАҢменТӘРТІП

 

#Жауапкершілік