«Заң және Тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында Ақтөбе облысы прокуратурасы ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғады.
Алға ауданында 75 мүмкіндігі шектеулі бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде белгіленген 45 минуттың орнына тек 35 минуттан оқытылған.
Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті арасындағы келісім-шарттарда бала екі апта бойы сабаққа келмеген жағдайда келісімді біржақты бұзуға болатындығы жөнінде заңсыз нормалар көзделген.
Сонымен қатар, апта сайын сабаққа келе алмайтын балалар үшін қашықтықтан түзету сабақтарын өткізу мүмкіндігі қарастырылмаған.
Сондай-ақ, Қарғалы ауданында 13 мүгедектігі бар бала жеке бағдарламасына сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және (немесе) арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етілмеген.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде 88 мүмкіндігі шектеулі баланың құқықтары қалпына келтіріліп, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жалғасуда.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП
#Жауапкершілік