
Ашық есік күні аясында және «Заң және Тәртіп» идеологиясының қағидаттарына сүйене отырып, облыс прокуроры мен өңір әкімі кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, бизнесті қорғау және инвесторларды қолдау мәселелерін талқылады.
Кездесуге мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ бейнеконференция режимінде «Бәйтерек» холдингі мен «KazakhInvest» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында облыс прокуроры Марат Әбішев прокуратура органдарының бизнес пен инвесторларды қорғау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Прокуратура инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, мемлекеттік органдар тарапынан болуы мүмкін заңбұзушылықтардың алдын алуда.
2024 жылы прокурорлар 30-дан астам инвесторға қолдау көрсетіп, экономикаға жалпы 345 млрд теңге инвестиция құйған.
Сонымен қатар, Марат Әбішев инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың шешімдерін келісу, талап қоюларды беру, әкімшілік істерді қозғау, тексерістерді тағайындау, шарттарды бұзу және басқа да мәселелерді қамтитын «прокурорлық сүзгі» енгізілгенін айтты.
Облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, соның ішінде инвестициялық жобаларды қолдау шаралары туралы хабардар етті. Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайы базасында арнайы экономикалық аймақ құрылды, ол логистика, көлік және өңдеу өнеркәсібін дамытуға ықпал етеді.
«Бәйтерек» холдингінің директоры Әлия Мырзағалиева Холдингтің инвестициялық жобаларды қолдауға мүдделі екенін атап өтіп, несие беру бойынша өзекті бағдарламаларды таныстырды.
«KazakhInvest» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Азамат Қожанов Бас прокуратурамен ынтымақтастықтың және инвесторлар алдында туындайтын мәселелерді жедел шешу үшін тиімді өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Кәсіпкерлер бизнес жүргізу, инвестициялық қызмет және құқықтық қорғау мәселелеріне қатысты бірқатар проблемаларды көтерді.
Осыған байланысты облыс әкімі мен прокурор нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауға алды.
Сонымен қатар, кездесуде билік өкілдері мен бизнес-қоғамдастық арасындағы тұрақты конструктивті диалогты жалғастыру, сондай-ақ оның аралық нәтижелерін осы жылдың мамыр айында жоспарланған инвестициялық форум аясында талқылау туралы шешім қабылданды.