Қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер өтемақы алуға құқылы

Қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер өтемақы алуға құқылы

Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қылмыс нәтижесінде зардап шеккен адамдардың негізгі құқықтарын түсіндіреміз.

         2020 жылғы 01 шілдеден бастап 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңмен (бұдан әрі – Заң) Қазақстан Республикасы бойынша жәбірленушілерге ақшалай өтемақы төлеу рәсімі енгізілді.

         Бұл заң жәбірленушілерге өтемақы төлеу бойынша кепілді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді. Заңда өтемақы алуға құқығы бар жәбірленушілердің нақты тізбесі айқындалған.

         Өтемақы жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші болып табылатын кәмелетке толмағандарға, адам саудасына және азаптауларға байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші деп танылған адамдарға, денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдарға, жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, жәбірленуші құқықтары берілген адамдарға тағайындалады.

         Жәбірленушіге қатысты жасалған қылмыстың ауырлығына байланысты (30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін) мұндай өтемақының мөлшері заңнамада белгіленген.

         Облыс бойынша Заңның қолданысы басталғаннан бері 180-нен астам жәбірленуші 23 млн. теңгеден астам сомаға ақшалай өтемақы алды.

         Адам қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып танылғаннан кейін өтемақы алуға құқылы.

         Өтемақы тағайындау үшін жәбірленуші қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізетін органға өтініш беруге құқылы.

         Өтініш берудің ескіру мерзімі адамды жәбірленуші деп таныған күннен бастап үш жылды құрайды.

Бес жағдайда өтемақы тағайындаудан бас тартылуы мүмкін:

1) Заңда көзделген негіздер болмаған кезде;

2) өтініш беру мерзімі өтіп кеткен жағдайда;

3) дәйексіз құжаттарды ұсынғаны үшін;

4) кінәлі адам жәбірленушіге келтірілген зиянды толық көлемде өтеген жағдайларда;

5) егер қылмыстық процесті жүргізетін орган адамның жәбірленуші ретінде қатысуын тоқтату туралы қаулы шығарса.

Төленген өтемақы материалдық залал үкімімен өндіріп алуға қарамастан, кез келген жағдайда кінәлі адамдардан кері қайтару тәртібімен өндіріп алуға жатады.

Облыс прокуратурасы тұрақты негізде жәбірленушілерге қордан төленген ақшалай қаражатты қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Мысалы, 14.09.2021 жылы Қордан жәбірленушіге 50 айлық есептік көрсеткіш (145 850 теңге) мөлшерінде өтемақы төленді.

10.02.2022 жылы сот үкімімен сотталушы аз.Т. осы қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылды.

Осыған байланысты прокуратура органдары аз.Т-дан жәбірленушілерге өтемақы қорына регресс тәртібімен төленген өтемақы сомасын өндіріп алу туралы сотқа талап арыз жіберді.

 

Ақтөбе облысының прокуратурасы