ішкі нарыққа газ өткізу бойынша

ішкі нарыққа газ өткізу бойынша

Облыс прокуратурасы бірқатар сұйытылған мұнай газ өндіруші кәсіпорындардың, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын тарату жөніндегі облыстық комиссияның (автомобильдерге отын ретінде пайдаланылады) қызметіне тексеру жүргізді.

         «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС нарықтағы өздерінің монополиялық жағдайын пайдалана отырып, тауар биржалары алаңдарында сұйытылған мұнай газға (бұдан әрі - СМГ) жоғары баға белгіледі.

         «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның СМГ үшін жоғары баға қолданудан монополиялық табыс 207 млн. теңгеден астам, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС 178 млн. теңгеден астам болды.

         Облыс прокуратурасының актілері бойынша «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабы (монополиялық қызмет) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 14 975 907 теңгеге айыппұл салынды және 380 млн. теңгеден астам монополиялық табысы тәркіленді.

         Сондай-ақ, бөлшек сауда нарығына газды жеткізуге өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссия СМГ еркін өткізу үшін кедергілер жасаған фактілер анықталды.

         Атап айтқанда, ішкі нарыққа СМГ жеткізу Ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес, ағымдағы жылдың басынан бастап автогаз құю станцияларының иелері де газды сатып ала алады.

         Бұрын мұндай құқыққа тек газ желісі ұйымдары ие болған (көтерме сауда).

         Заңнамаға енгізілген осы түзетулерге қарамастан, комиссия газ құю станцияларының иелерін сұйытылған газды сатып алу құқығынан негізсіз айыру фактілеріне жол берген.

         Басқа жағдайларда, облыс аумағында бірқатар қажетті құжаттар мен газ жинақтау станциясы болмағанына қарамастан, «Кепіл Сапа/КС-А» ЖШС газ желісі ұйымының автогаз құю станцияларына газды жеткізуге өтінімі заңсыз қанағаттандырылған.

         Осыған ұқсас негіздер бойынша басқа 14 газ құю бекеттерінің өтінімдері қанағаттандырылмаған.

         Тексеру нәтижелері бойынша қадағалау актілері енгізілді, облыс әкімдігімен бірлесіп, бекітілген бағалар бойынша газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.

 

Ақтөбе облысының прокуратурасы