Ақтөбе облысының прокуратурасында 2021 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды

Ақтөбе облысының прокуратурасында 2021 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды

Алқа отырысында облыс прокуроры Марат Қайбжанов ағымдағы жылы прокуратура органдары криминогендік жағдайды бақылауға, қылмыстық-құқықтық саладағы реформаларды ілгерілетуге, қадағалауды азаматтар мен бизнес проблемаларын тиімді шешуге қайта бағдарлауға ерекше назар аударғанын атап өтті.

Жеке құрамға Мемлекет басшысы мен Бас Прокурордың алаяқтыққа, қаржы пирамидаларына, балаларға қарсы жыныстық қылмыстарға, есірткі саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі тапсырмаларының сапалы орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін сапалы қарауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс кезінде жалпы қылмыс деңгейінің төмендеу динамикасы қамтамасыз етілгені атап өтілді.

Әлеуметтік-экономикалық салада жерді пайдалану мақсаты бойынша, азаматтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, балалардың құқықтарын қорғау және басқа да өзекті бағыттар бойынша нәтижелі тексерулер мен талдаулар жүргізілді.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 412 мың азаматтың құқықтары қорғалды, 4,6 млрд.теңге өндіріліп алынды, оның ішінде мемлекет кірісіне 3,6 млрд. теңге, мемлекетке 341 млн. теңге сомасындағы мүлік қайтарылды, 6,4 млрд. теңгеден астам сомадағы мемлекеттік сатып алу саласындағы 25 конкурстың қорытындылары жойылды, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін заңсыз субсидиялау фактілері бойынша 700 млн. теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылды. Прокурорлармен бюджеттен негізсіз шығындарды уақытылы 9,5 млрд. теңгеге өтелген.

Алқа қорытындысы бойынша облыс прокуроры азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау, халықтың сенім деңгейін арттыру және құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша басым міндеттерді белгіледі.

Ақтөбе облысының прокуратурасы