Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактілері бойынша қылмыстық істің нәтижесі

Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактілері бойынша қылмыстық істің нәтижесі

Тергеу органдары «Гарант 24 Ломбард» ЖШС, «Выгодный займ» ЖШС, «Estate Ломбард» ЖШС және «Нұр-Али Капитал» ЖШС басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу аяқталғанға дейін 30 000 000 000 теңгеден астам сомаға залал келтірілгенін мәлімдеген 17 000-нан астам жәбірленуші өтініштерімен жүгінді.

33 күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

6 күдіктіге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен бірге халықаралық іздестіру жарияланды.

Күдіктілердің мүлкіне (қылмыстық әрекетті жүзеге асыру кезеңінде сатып алынған), сондай-ақ ломбардқа салынған мүлікке тыйым салу бойынша шаралар қабылданды.

«Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард» және «Выгодный займ» ЖШС қызметкерлері азаматтардың сеніміне кіріп, келесі қылмыстық схемаларды қолданғаны анықталды: 1) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті төлем мерзімін ұзарту шартымен (3 айдан 6 айға дейін) 20% бастапқы төлеммен нарықтық бағадан (10-20%-ға) жоғары баға бойынша сатып алуды ұсынған. Меншік құқығын қайта ресімдегеннен кейін оны ломбард нарықтық бағадан төмен бағамен сатқан; 2) халықтан ай сайын 30-40% есептеу шартымен депозит түріндегі ақшалай салымдар қабылданды. Бұл ретте екі жағдайда да ақша қаражатының қалдықтары қайтарылған жоқ.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №2 сотына мәні бойынша қарау үшін жолданды.  

 

Ақтөбе облысының прокуратурасы