Ақтөбеде азаматтарды әлеуметтік бейімдеу жұмыстары жалғасуда

Ақтөбеде азаматтарды әлеуметтік бейімдеу жұмыстары жалғасуда

Облыс прокуратурасының үйлестіруімен «Айқын нәтиже» жобасы аясында медициналық мекемелерде наркологиялық есепте тұрған тұлғаларға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Шараның негізгі мақсаты — аталған санаттағы азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету, оларды жұмысқа орналастыруға көмектесу, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ тұрақты құқықтық ортаны қалыптастыру және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру.

Жәрмеңке барысында мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдардың өкілдері сұранысқа ие мамандықтар бойынша түрлі бос жұмыс орындарын ұсынды.

Шараға өндіріс, қызмет көрсету, құрылыс, коммуналдық шаруашылық және басқа да салаларда бос жұмыс орындарын ұсынған 50-ден астам мекеме мен ұйым қатысты.

Жәрмеңкеге наркологиялық есепте тұрған 200-ден астам азамат келді.

Шара қорытындысы бойынша 100-ден астам қатысушыға әрі қарай жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді.

Сонымен қатар, қатысушыларға халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, кәсіптік білім алу және жаңа біліктіліктерді меңгеру мүмкіндіктері түсіндірілді.

Жұмыспен қамту орталығы мен бейінді қызметтердің мамандары жұмысқа орналасу және әлеуметтік бейімделу мәселелері бойынша жеке кеңестер берді.

Мұндай іс-шараларды іске асыру азаматтарды әлеуметтік бейімдеуге, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.