Ақтөбе облысының прокуратурасы мен Полиция департаменті «Айқын нәтиже» жобасы аясында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
2026 жылғы 20 мамырда Әйтеке би ауданының Қияқты ауылында жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің, ақсақалдар кеңесінің, қоғам белсенділерінің және полиция қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық кездесу өткізілді.
Іс-шара барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ қылмыстың алдын алуда қоғамдық бақылау мен отбасылық құндылықтардың рөлін арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан бас тарту бастамасын бірауыздан қолдады.
Қатысушылар оң нәтижелерге прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдар, ақсақалдар кеңесі және ауыл тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымы арқасында қол жеткізіліп отырғанын атап өтті.
Бүгінде алкогольден бас тарту бастамасын Ақтөбе облысының 40 елді мекені қолдады.
Аталған ауылдарда тұрмыстық қылмыс пен құқық бұзушылықтардың азаюы, қоғамдық тәртіптің нығаюы және азаматтардың қауіпсіздік деңгейінің артуы байқалуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.