Ақтөбе облысында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Ақтөбе облысында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Ақтөбе қаласындағы «Keruen City» сауда-ойын-сауық орталығының алаңында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы тиімді өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараны облыс прокуратурасы жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп ұйымдастырды.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – азаматтарға еңбек нарығындағы өзекті ақпаратты ұсыну, сондай-ақ жұмыс берушілермен тікелей диалог орнатуға жағдай жасау болды.

Жәрмеңкеге өңірдің 20-дан астам жетекші кәсіпорны, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер қатысты.

Олардың қатарында ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, ҚР ІІМ Ақтөбе облысы бойынша мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, «Айгерім» емханасы, Ақтөбе бейметалл материалдар комбинаты, «PetroRetail», «FSSA» ЖШС және басқа да ұйымдар қатысты.

Жұмыс іздеушілерге әртүрлі бағыттар бойынша – білікті мамандардан бастап жұмысшы мамандықтарына дейін бос жұмыс орындары ұсынылды.

Бос орындарды іріктеумен қатар, қатысушыларға жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау шаралары түсіндіріліп, қысқа мерзімді оқыту аясында жаңа мамандық алу мүмкіндіктері мен жұмысқа орналасу тетіктері туралы айтылды.

Бүгінгі таңда электрондық еңбек биржасында Ақтөбе облысы бойынша 2 мыңнан астам бос жұмыс орны қолжетімді екені атап өтілді.

Ұсыныстар білім беру мен медицинадан бастап өнеркәсіп, көлік және логистикаға дейінгі кең ауқымды салаларды қамтиды.

Жәрмеңке азаматтардың жоғары қызығушылығын көрсетті: кеңес алуға 147 адам жүгініп, олардың 60-ына жұмысқа орналасуға жолдама берілді.

Бұл мұндай алаңдардың сұранысқа ие екенін және халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешуге нақты үлес қосып отырғанын көрсетеді.

Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.