Ақтөбеде облыстың мемлекеттік, құқық қорғау және арнайы органдары басшыларының қатысуымен су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша көшпелі алқа отырысы өтті.
Отырысты аша отырып облыс прокуроры Марат Әбішев су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды.
Гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін, елді мекендердің инженерлік қорғанысын, автомобиль жолдары мен көпірлердің жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, сондай-ақ эвакуациялық пункттер мен тиісті қызметтердің жедел әрекет етуге дайындығын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Облыс әкімі Асхат Шахаров өз сөзінде су тасқынына қарсы іс-шаралар ерекше бақылауда екенін айтты. Ол барлық уәкілетті органдардың үйлесімді ведомствоаралық өзара іс-қимылын және жедел ақпарат алмасуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ ықтимал су басу аймақтарынан халықты уақтылы эвакуациялау және бастапқы медициналық-әлеуметтік көмекті ұйымдастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Облыстық Төтенше жағдайлар Департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин ағымдағы ахуал туралы баяндады. Өңірде жедел штабтар құрылып, «жедел желі» жұмысы қамтамасыз етілген, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайларына жедел ден қою үшін 2 мыңнан астам қызметкер, 800-ден астам техника, 8 әуе кемесі дайындыққа келтірілді. Сонымен қатар 19 техника (аэрожайықтар, жедел әрекет ету автокөлігі, гидроциклдер және қайықтар) сатып алынды.
Полиция органдары су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізу және олардың ықтимал салдарын жою кезеңінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағдарланған.
Кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз ету және халыққа келетін залалды барынша азайту жөнінде тапсырмалар берілді.