Бюджетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды

Бюджетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды

2025 жылы Ақтөбе облысының прокуратурасымен мемлекет кірісіне 1 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді.

Қаражат мемлекеттік келісімшарттар бойынша кепілдік міндеттемелерді орындау, мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша қамтамасыз ету және тұрақсыздық айыбы, сондай-ақ салық берешегін өтеу есебінен қайтарылды.

Мысалы, облыстық құрылыс басқармасы мен «MIR-A Construction» ЖШС арасында Байғанин ауданының Матай ауылында модульдік үлгідегі ғимараттардан тұратын оқу-жаттығу базасын салу туралы келісімшарт жасалған.

Шартты орындау аясында мердігерге 288 млн теңге көлемінде аванстық төлем аударылған.

Кейін шарт біржақты тәртіппен бұзылғанымен, аванс сомасы бір жылдан астам уақыт бойы қайтарылмаған.

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде көрсетілген қаражат өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылды.

Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда және прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.