Алға ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды.
Ақтөбе облысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында прокуратура органдары қайтарған заңсыз шығарылған активтер есебінен салынған жаңа дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Айбек Тагиберген, Алға ауданының әкімі, прокуратура қызметкерлері, мемлекеттік органдардың, қоғам өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңа медициналық нысан ауыл тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, облыстың тағы он шалғай елді мекенінде осындай медициналық мекемелердің құрылысы жүргізілуде.
Барлық нысандарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Бұл жобаларды іске асыру - азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған нақты қадамдар.