Ақтөбеде үйлестіру кеңесінде кәмелетке толмағандар қылмысының, суицидтердің және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Ақтөбеде үйлестіру кеңесінде кәмелетке толмағандар қылмысының, суицидтердің және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Ақтөбе қаласында облыс прокуратурасының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Басты тақырып – кәмелетке толмағандар қылмысының, суицидтердің және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда заманауи цифрлық шешімдерді қолдану.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, облыс әкімі Асхат Шахаров, Ішкі істер министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Білім министрлігінің басшылық құрамы, Әйелдер мен балаларды қорғау орталығының директоры, сондай-ақ кеңес мүшелері мен сарапшылар қатысты.

Жиынды аша отырып, Бас прокурордың орынбасары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар арасындағы суицидтер және буллинг – ел үшін ерекше өзекті мәселесі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту және әлеуметтік осал топтарды қорғау үшін Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізілді.

Біз бұл мәселеге уақыт талабына сәйкес, цифрлық шешімдер қолдану арқылы қарсы тұруымыз қажет.

Алдын алу жұмыстарына цифрлық шешімдерді енгізу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылатын Бала мен әйелдің құқықтарын қорғауда қабылданатын шаралардың ашықтығын, объективтілігін және тиімділігін арттырудың маңызды шарты болып табылады.

Облыс прокурорының орынбасары Айбек Тағыберген өз баяндамасында прокуратура тарапынан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кәмелетке толмағандар қылмысының алдын алу бағытында кешенді шаралар іске асырылғанын хабарлап өтті.
Атап айтқанда, 1331 қолайсыз отбасыға бару ұйымдастырылды, 763 баланың құқығы қорғалды, полиция тарапынан 3490 қорғау нұсқамасы енгізіліп, 78 млн теңге алимент өндіруге қол жеткізілді, қадағалау актілері негізінде 45 жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, тағы 24 бала кезекке қойылды.

Сонымен қатар, балалармен, ата-аналармен және педагогтармен кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, 51 мыңнан астам студенттерді қамтыған ВКБ арқылы кездесулер өткізіліп, 11 мың педагогтың қатысуымен жиын, 16 мың ата-ананың қатысуымен облыстық ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, өңірдің барлық мектептері мен колледждерінде «Заң мен Тәртіп» сабағы енгізілді.

Өз кезегінде облыс прокуроры Марат Әбішев барлық мемлекеттік органдардың жұмысының жеткілікті деңгейде үйлестірілмей отырғанына назар аударды.

Қылмыстың жалпы төмендеуіне қарамастан, жасөспірімдер арасындағы және тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар саны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

Сондықтан, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап облыс әкімдігімен, ПД, ҚСжАЕКД және ҚАЖД-мен бірлесіп, өңірде республикалық «FSM Social» цифрлық бағдарламасы белсенді түрде енгізіліп, онда 3 мыңға жуық учаскелік полиция қызметкерлері, пробация қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер мен мұғалімдер жұмыс істеуде.

Бүгінде мобильді қосымшаға күн сайын шамамен 200-ге жуық құқық бұзушылық пен оқиға туралы сигналдар түсуде. Алынған ақпарат қиын өмірлік жағдайға тап болған қолайсыз отбасыларды, әйелдер мен балаларды анықтауға көмектеседі.

Жүйе мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын үйлестіреді және «Отбасының цифрлық картасы» деректері негізінде әр отбасының цифрлық бейнесін жасайды. Содан кейін жеке көмек жоспары әзірленіп, тиісті органдарға жолданады. Барлық процесс «FSM Social» мобильді қосымшасында бақыланады.

Отбасын қолдау орталығының директоры Жақсылық Танатаров осы қосымшаны жиынға қатысушыларға таныстырып, қатысушылардың жүйенің функционалы мен мүмкіндіктеріне қатысты қойған сұрақтарына толық жауап алды.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша отбасын қолдау орталықтарының жұмысын күшейту, полиция, пробация, білім беру және денсаулық сақтау органдарының қызметін «FSM Social» қосымшасы аясында үйлестіру, тәуекел тобындағы тұлғалардың деректерін қосымшаға енгізу арқылы құқық бұзушылықтарды ерте анықтау бойынша нақты міндеттер айқындалды.