Ақтөбе қаласында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлы Отан Cоғысының ардагері, Қазақ КСР-ның Бас прокуроры, өмірін заң мен Отанға қызмет етуге арнаған Сейітов Өтеген Сейітұлының құрметіне арналған Аллеяның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аллеяда заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, жас мамандарды даярлауға және ел прокуратурасының дамуына елеулі үлес қосқан, Өтеген Сейітұлының құрметіне арналған мемориалдық тақта орнатылды.
Салтанатты шара бір минут үнсіздікпен басталды.
Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, облыс әкімі Асхат Шахаров, прокуратураның басшылары мен ардагерлері, сондай-ақ қоғам өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Бас прокурордың орынбасары лайықты ізашарларды еске алу – прокуратураның маңызды дәстүрі және ұрпақтар сабақтастығының символы екенін атап өтті.
Облыс әкімі Өтеген Сейітұлы өнегесінің өскелең ұрпақ үшін ерекше маңызын атап өтіп, оның Отанға адал қызметі жас ұрпақ үшін үлгі болып табылатынын жеткізді.
Прокуратура ардагерлері еске алу құрметіне шын жүректен алғыстарын білдіріп, мұндай бастамалар тарихты сақтауға, отансүйгіштік пен өмірін заң мен әділеттілікке арнаған адамдарға деген құрметті нығайтуға септігін тигізетінін баса айтты.
Іс-шара ұрпақтар арасындағы байланыстың және прокуратураның көрнекті тұлғаларының тарихи жадының сақталуының айқын дәлелі бола отырып, мақтаныш пен құрмет атмосферасында өтті.