«Заң мен Тәртіп» апталығының қорытындысы

«Заң мен Тәртіп» апталығының қорытындысы

2025 жылғы 23-28 маусым аралығында Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және өзекті мәселелерін шешу мақсатында «Заң мен Тәртіп» атты апталық акция өткізілді.

Апталық аясында облыстың шалғай ауылдарына мобильді топтар шығып, құқық қорғау, атқарушы және медициналық қызмет өкілдері тұрғындарға құқықтық және медициналық көмек көрсетті. Ақтөбе қаласында азаматтарды қабылдаулар «Керуен Сити», «Анаға тағзым» және «Халықтық кеңсе» секілді халық көп шоғырланатын орындарда ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Дон тау-байыту комбинаты қызметкерлерімен еңбек құқықтары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балалар лагерлерінде қауіпсіздік шаралары бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

Акция барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтініштері де назардан тыс қалмай, оларға қажетті көмек көрсетілді.

Мәселен, Хромтау ауданында екі мүгедек азаматқа жедел түрде дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі шешілді.

Апталық аясында бірнеше тақырыптық күндер де өтті. «Қаржы қауіпсіздігі күні» банк бөлімшелерінде алаяқтықтың алдын алу шараларымен өтті. «Ақ жол» жол қауіпсіздігі акциясы аясында автожолдарда жүргізушілермен көшпелі қабылдаулар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ал «Таза өнер – сенің таңдауың» күніне орай «Жекпе-жек» спорт кешенінде 120 жасөспірімнің қатысуымен дзюдодан турнир ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жастарды спортқа баулу, құқықбұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау болды.

Барлық іс-шаралар қоғамда кеңінен қолдау тауып, республикалық және жергілікті БАҚ-та жарияланды.