Ақмола облысының прокуратурасында Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымдық кездесу өтті

Ақмола облысының прокуратурасында Жеңістің 80 жылдығына арналған тағылымдық кездесу өтті

Ақмола облысы прокуратурасының ғимаратында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған патриоттық іс-шара өтті. Шараға өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары шақырылды.

Кездесу барысында қатысушыларға Жеңістің ел тарихындағы орны, Ақмола өңірінен шыққан батырлар – Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Иван Зенченко және Еркін Әуелбековтің ерліктері туралы мәлімет берілді.

Сонымен қатар, соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, кейін құқық қорғау органдарында қызмет атқарған тұлғалар да айтылды. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшысы, жазушы Бауыржан Момышұлы. Ол 1930-жылдары Жамбыл облысы, Жуалы ауданында аудан прокуроры қызметін атқарған. Қатысушылар оның өмір жолымен танысып, прокуратура тарихындағы орнына ерекше назар аударды.

Іс-шара аясында студенттер мен оқытушылар облыс прокуратурасының мұражайында арнайы ұйымдастырылған тарихи экспозициямен танысты. Мұражайда соғыс жылдарына байланысты құжаттар мен фотоматериалдар, сондай-ақ ардагер прокурорлар туралы мәліметтер ұсынылды.

Кездесу соңында қонақтарға соғыс жылдарының әндері тарту етіліп, шараға рухани сипат берілді.

#ЗАҢ_және_ТӘРТІП


Ақмола облысының прокуратурасы