Ақмола облысы прокуратурасында «Қайталама қылмыстың алдын алу» жобасы аясында инновациялық IT-шешімдер таныстырылды

Ақмола облысы прокуратурасында «Қайталама қылмыстың алдын алу» жобасы аясында инновациялық IT-шешімдер таныстырылды

Бүгін Ақмола облысы прокуратурасының ғимаратында «Қайталама қылмыстың алдын алу» жобасы шеңберінде құқық қорғау органдарына арналған заманауи цифрлық шешімдердің таныстырылымы өтті. Шараның негізгі мақсаты – ақпараттық технологиялар саласындағы жаңалықтарды таныстырып, оларды құқық қорғау тәжірибесіне енгізу мүмкіндіктерін талқылау.

 

Іс-шара барысында қозғалысты нақты уақытта бақылауға мүмкіндік беретін жаңа электрондық бақылау білезіктері көрсетілді. Мұндай құрылғылар шартты түрде сотталғандар мен бас бостандығынан айырылғаннан кейін бақылауда жүрген тұлғаларға қадағалау жүргізудің тиімділігін арттыруға және қайталама құқықбұзушылық қаупін азайтуға бағытталған.

 

Таныстырылым аясында қатысушылар назарына ұсынылды:

  • есепте тұрған тұлғаларды бақылау мен есепке алудың бағдарламалық шешімдері;
  • қайталама құқықбұзушылық тәуекелдерін болжау құралдары;
  • онлайн режимде ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауға арналған платформалар.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, IT-шешімдерді енгізу қылмыстық-құқықтық саясатты цифрландырудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл құқық қорғау жүйесінің жұмысын оңтайландырып, қоғамдық тәртіпті қорғаудың сапасын арттыруға септігін тигізеді.

 

Ақмола облысы прокуратурасы құқық қорғау қызметіне цифрлық тәсілдерді енгізуді одан әрі де қолдап, заманауи әрі қауіпсіз құқықтық ортаны қалыптастыру бағытында жұмысты жалғастыра бермек.

#ЗАҢ_және_ТӘРТІП


Ақмола облысының прокуратурасы