Жарқайың ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті: әлеуметтік бейімделу мен қылмыстың қайталануын азайту жолындағы қадам

Жарқайың ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті: әлеуметтік бейімделу мен қылмыстың қайталануын азайту жолындағы қадам

2025 жылғы 18 сәуірде Жарқайың ауданында жұмыс іздеуші азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараға оннан астам кәсіпорын мен ұйым қатысып, түрлі мамандықтар бойынша, соның ішінде өндірістік және ауыл шаруашылығы салаларына жұмыс орындарын ұсынды.

Жәрмеңке барысында пробация қызметінде есепте тұрған және қылмыстық жазасын өтеген азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне ерекше көңіл бөлінді.

Қайталама қылмыстың алдын алу жобасы аясында пробация қызметі мен аудандық полиция бөлімінің өкілдері бірлесіп, бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріп, жеке кеңестер өткізіп, түйіндеме мен ілеспе хат жазуға көмектесті.

Сонымен қатар, қатысушыларға жұмысқа орналасуға байланысты мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындары, қысқамерзімді оқыту курстары және субсидияланатын жұмыс орындары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар жұмыс іздеушілердің құқықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіріп, еңбек нарығына шығуға арналған тиімді құралдарды ұсынды.

 Іс-шараның нәтижесінде пробация қызметінде есепте тұрған екі азамат жұмысқа орналасты.

 Бұл әлеуметтік осал топтарды қолдауға, қылмыстың қайталануын азайтуға және азаматтарды заңды әрі пайдалы еңбек қызметіне тартуға бағытталған маңызды қадам.

Жарқайың ауданының прокуратурасы мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Өйткені олар құқық бұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың қоғамға бейімделуіне зор үлес қосады.

 

 #Заң_және_Тәртіп       

 

                                                  Ақмола облысының прокуратурасы