Цифрландыру дәуірінде алаяқтық схемалар барған сайын күрделене түсуде. Олардың бірі — азаматтарды жеке деректерін пайдалану арқылы заңсыз әрекеттерге тарту. Көп жағдайда бұл – банк карталарын, электронды шоттар мен әмияндарды жәбірленушінің атына рәсімдеу. Мұндай адамдарды қылмыстық ортада «дропперлер» деп атайды.
Бұл қалай іске асады? Әртүрлі сылтаулармен – оңай табыс уәдесінен бастап, «көмек сұрауға» дейін – адамдардан өз атына банк картасын, шот ашуды, SIM-карта рәсімдеуді немесе банк деректерін беруді сұрайды. Көбінесе мұндай ұсыныстар аз күшпен жылдам ақы төлеуді уәде етеді, ресми жұмыс шарты талап етілмейді.
Бірақ сырт көзге зиянсыз көрінетін өтініштің артында заңсыз әрекеттерге қатысу тұруы мүмкін. Алаяқтар сіздің деректеріңізді пайдаланып, қаржылық қылмыстар жасайды: ұрланған ақшаны қолма-қол алады, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырады немесе көлеңкелі операцияларға қатысады.
Дропперге қандай жаза қарастырылған? Мұндай схемаларға қатысу – тіпті қасақана ниет болмаса да – қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Заң қатал: жеке деректеріңізді заңсыз операциялар үшін ұсыну – қылмысқа қатысумен тең. Сонымен қатар, азаматтық-құқықтық тәртіп бойынша дроппер келтірілген материалдық шығынды жәбірленушіге өтеп беруге міндетті болуы мүмкін.
Мысалы, Жарқайың ауданында сот дроппер деп танылған тұлғаларға қатысты төрт талап-арызды қанағаттандырды. Олар жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге міндеттелді.
Өзіңізді қалай қорғауға болады? Жеке деректерге мұқият болуға шақырамыз. Тіпті тиімді және қауіпсіз көрінген ұсыныстардың өзіне де сенбеуге кеңес береді.
Күмәнді қаржылық операцияларға қатысу – ауыр құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін.
#Заң_және_Тәртіп
Ақмола облысының прокуратурасы