Прокуратура органдарымен жолданымдарды қарау тәртібі

Прокуратура органдарымен жолданымдарды қарау тәртібі

«Прокуратура туралы» Конституциялық заңның (әрі қарай – Заң ) 24 бабына сәйкес прокуратура органдары жолданымдарды қарайды:

- егер олар физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмаса, адамның және азаматтың, кәмелетке толмаған адамдардың, сондай-ақ адамдардың шектелмеген тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін;

- адамның және азаматтың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін, егер бұл мүдделерді қорғауды құзыретіне тиісті өкілеттіктер жатқызылған уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не мұндай орган болмаған жағдайларда;

-  мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншік нысандарына қарамастан өзге де ұйымдар тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін;

- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерді болғызбау мақсатында;

- жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін заңдылықтың бұзылу фактілері бойынша;

- Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары бойынша;

- Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша.

Өтініштердің көрсетілген санаты Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде қаралады (әрі қарай -ӘРПК).

ӘРПК-нің 76-бабының 1-бөлігіне сәйкес қарау мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды. Көрсетілген мерзім ақылға қонымды мерзімге ұзартылуы мүмкін, бірақ 2 айдан аспауы тиіс.

Егер келіп түскен өтініш Заңның 24-бабының ережелеріне сәйкес келмесе, онда ол ӘРПК-нің 65-бабының 1-бөлігіне сәйкес 3 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жіберіледі.

Жауаптарға шағымдану тәртібі

Жауаппен келіспеген жағдайда шағым жауап берген прокуратураға жіберіледі (ӘРПК-нің 13-Тарауы).

Бұл ретте іс-әрекеттеріне 3 жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасалатын прокурор қолайлы акт қабылдай алады не шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекет жасай алады.  

Әйтпесе, шағым түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жоғары тұрған прокуратураға жіберіледі.

Шағымды қарау тәртібі ӘРПК-нің 14-тарауымен регламенттелген, қарау мерзімі әкімшілік актісі, әкімшілік әрекеті (әрекетсіздігі) шағымданылып жатқан лауазымды адамды және өтініш берушіні тыңдауды жүргізе отырып, 20 жұмыс күнін құрайды.

***

Сондай-ақ прокуратура органдары қылмыстық-процестік Кодекстің (бұдан әрі-ҚПК) 105-бабының тәртібімен қылмыстық процеске қатысушылардың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарын қарайды.

Қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі Нұсқаулықтың 51-тармағына сәйкес (Бас Прокурордың 21.02.2023 ж. №65 бұйрығымен бекітілген) тергеушінің немесе анықтаушының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдар келіп түскен сәттен бастап 3 тәулік ішінде тергеу бөлімінің немесе анықтау органының бастығына қайта жіберіледі. Қарау ҚПК-нің 193-бабында көзделген прокурордың айрықша құзыретіне жататын іс жүргізу әрекеттері мен шешімдеріне шағымдар қайта бағытталуға жатпайды.

Қылмыстық процеске қатысушылардың өтініштерін қарау нәтижелері бойынша ҚПК-нің 105-бабында көзделген тәртіппен қылмыстық іс бойынша қадағалауды тікелей жүзеге асыратын прокуратура негізді қаулы шығарады.

Қылмыстық іс бойынша қадағалауды жүзеге асырмайтын жоғары тұрған прокуратура төменгі тұрған прокуратураның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымға жауап хат нысанында жіберіледі.

Қылмыстық процеске қатысушылардың шағымдарына жауаптарға шағымдану тәртібі ҚПК-нің 106-бабында сот тәртібімен көзделген.

 Жеке қабылдау

Облыс прокуратурасы басшылығының қабылдауы апта сайын алдын ала жазылу бойынша жүзеге асырылады. Қабылдауға жазылу қабылдау басталғанға дейін бір жұмыс күні бұрын аяқталады.

Облыс прокуроры әр жұмыс сәрсенбісінде сағат 10-00-ден 12-00-ге дейін қабылдауды жүзеге асырады;

Облыс прокурорының қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу, үкімдердің орындалуын қадағалау мәселелері жөніндегі бірінші орынбасары-сейсенбі күні сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін;

Облыс прокурорының қоғамдық мүдделерді қорғау, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды, сайлауларды, референдумдарды және т. б. ұйымдастыру және өткізу, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңдылықты қадағалау мәселелері жөніндегі орынбасары, әр сейсенбі сайын сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін;

Облыс прокурорының қылмыстық қудалау, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметінің заңдылығын қадағалау және жасырын тергеу әрекеттері, халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі орынбасары, әр бейсенбі сайын сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін;

Аудандар, қалалар прокуратураларының басшылығы күн сайын жұмыс күндері, жұмыс уақытында сағат 09-00-ден 18-30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13-00-ден 14-30-ға дейін жеке қабылдауды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 17.01.2023 ж. №29 бұйрығына 2-қосымшаның 33-тармағына сәйкес облыс прокуратурасының басшылығына адамдарды қабылдауға жазылу жүзеге асырылмайды:

- бұрын сол мәселе бойынша қабылданған;

- сот ісін жүргізудегі істер бойынша сот актілеріне, сондай-ақ істерді қарау кезінде судьялардың іс-әрекеттеріне шағымдану кезінде;

- Заңның 24-бабына сәйкес прокуратура органдарының құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша;

- бұрын қабылданған немесе Бас Прокурордың не сол мәселе бойынша оны алмастыратын адамның жауабы бар;

- егер өтініштерді ҚПК-нің 106-бабының 1-бөлігіне сәйкес қарау соттардың құзыретіне, сондай-ақ сотқа жіберілген қылмыстық істер бойынша жатса;

- сот актілеріне кассациялық шағымдану мерзімін өткізіп алған кезде;

-Азаматтық процестік Кодекстің (бұдан әрі-АПК) 54-бабының 2-бөлігінде көзделмеген істер бойынша сот актілеріне дау айту кезінде;

- АПК-нің 429-бабының 7-бөлігінде, АПК-нің 434-бабының 2-бөлігінде және ҚПК-нің 484-бабының 2-бөлігінде көзделген істер бойынша кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайтын сот актілеріне шағымданған кезде;

- қылмыстық істі ҚПК-нің 102-бабында көзделген сотқа дейінгі кезеңде тоқтату туралы шешімдерге шағымдану мерзімін өткізіп алған кезде.

Прокуратура органдарына шағымдар мен өтініштерді беру механизмі

Өз құқықтарын қорғауға өтініш білдірген азаматтарға ыңғайлы болу үшін прокуратура органдарына «е-Otinish» ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі-АЖ) өтініштер жіберу ұсынылады. Көрсетілген жүйеде шешу тәртібі қылмыстық-процестік, азаматтық-процестік заңнамада, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген өтініштерді және ӘРПК-нің 3-бабы 4-бөлігінің 2-7-тармақтарында санамаланған өтініштерді қоспағанда, өтініштер қаралуға жатады.

Басқаша айтқанда, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер шеңберінде сот актілеріне өтініштер «e-Otinish» АЖ-да қаралуға жатпайды.

Қылмыстық-процестік, азаматтық-процестік заңнама, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама шеңберінде қаралатын өтініштерді және ӘРПК 3-бабы 4-бөлігінің 2-7-тармақтарында санамаланған өтініштерді «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жіберу ұсынылады.

Өтініш келіп түскен күні тіркеледі.

Егер өтініш жұмыс істемейтін күні келіп түссе, онда ол одан кейінгі келесі жұмыс күні тіркеледі.

Өтініш ӘРПК 63-бабы 2-бөлігінің талаптарына жауап беруге және мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:

- жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болса), жеке тұлғаның пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бар болса);

- өтініш берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;

- өтініштің мәні;

- өтініш берілген күн;

- өтініш берушінің немесе оның өкілінің қолы;

- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер.

Өтініш жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда өтініш берушіге өтініштің қандай талаптарға сәйкес келмейтіні көрсетіледі, оны сәйкестендіру үшін ақылға қонымды мерзім белгіленеді.

Егер өтініш белгіленген мерзімде сәйкес келмесе, онда ол өтініш берушіге қайтарылады.

Өтінішті қайтару қайта жүгінуге кедергі болмайды.

Жалпы, ақпараттық жүйелер өтінішті қарау барысын бақылауға мүмкіндік береді.

«E-Otinish» АЖ ерекшелігі қанағаттанарлықсыз жауап болған жағдайда оның жоғары тұрған мемлекеттік органға не сотқа шағымдану мүмкіндігі көзделеді.

Сондай-ақ, азаматтар мен заңды тұлғалар прокуратура органдарына өтініш бере алады:

- прокуратура басшылығының жеке қабылдауы барысында;

- «Қазпошта» АҚ қызметтері арқылы прокуратура органдарына жіберу жолымен не кеңсеге қолма-қол тапсыру жолымен прокуратура ғимаратының өзінде қабылданды.

- арнайы мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтар не тергеу изоляторында ұсталатын азаматтар әкімшілік арқылы, сондай-ақ осы мекемелерде орналасқан арнайы терминал арқылы өтініш бере алады.

Ақмола облысының прокуратурасы