Алқаның кеңейтілген отырысы өтті

Алқаның кеңейтілген отырысы өтті

2022 жылғы 5 тамызда облыс прокуроры А.С. Майлыбаевтың төрағалығымен дене шынықтыру және спорт саласындағы заңдылықтың жай-күйі мәселесі бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Алқа жұмысына облыс әкімінің, қала және аудан әкімдерінің спорт мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, қалалар мен аудандардың балалар және жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің (БЖСМ) басшылары, қала, аудан прокурорлары қатысты.

Облыс прокуратурасы жүргізген тексеру барысында спорт басқармасы мен өңірлік БЖСМ қызметінде бюджет қаражатын жымқыру, «өлі жандарды» жұмысқа орналастыру, бейінді білімі жоқ және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған жаттықтырушыларды жұмысқа қабылдау, секцияларға баратын балалардың санын жалған көбейту фактілері анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша прокуратура 6 сотқа дейінгі тергеуге бастамашы болып, 10 қадағалау актісін енгізді.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс прокуратурасы осындай бұзушылықтардың алдын алуға және оларды алдағы уақытта болдырмауға бағытталған нақты ұсыныстар әзірледі.