
Жарқайың ауданының прокуратурасы Жарқайың ауданының Полиция бөлімінде қылмыстық қудалау органдарының қызметкерлерімен «Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 136-быбының бірінші бөлігін, 140-бабының төртінші бөлігін, 153-бабының бірінші бөлігін және 342-бабының бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 10 маусымдағы №85-НҚ Нормативтік қаулысын қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді.
Шара барысында полиция қызметкерлеріне Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану кезінде азаматтардың жеке бостандыққа конституциялық құқығын қамтамасыз етуге қатысты Конституциялық Соттың құқықтық позициялары түсіндірілді.
Сотталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту тек сот бұрын белгілеген мерзім аяқталғанға дейін жүзеге асырылуы тиіс екендігіне ерекше назар аударылды. Заңды сот шешімінсіз адамды тіпті қысқа мерзімге де күзетте ұстауға жол берілмейді.
Сонымен қатар, ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша сотталушыны күзетпен ұстаудың он екі айлық мерзімі шекті рұқсат етілген мерзім болып табылатыны түсіндірілді. Ол аяқталғаннан кейін сот бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе күзетпен ұстаумен байланысты емес басқа шараға ауыстыруға міндетті.
Бұдан бөлек, Конституциялық Соттың сотталушының үйқамақ немесе басқа да жеңілірек бұлтартпау шарасы кезінде белгіленген шектеулер мен міндеттерді бұзуы заңмен белгіленген шекті мерзім өткеннен кейін оны қайтадан күзетке алуға негіз бола алмайтыны туралы құқықтық позициясы жеткізілді.
Кездесу соңында қатысушыларға Конституциялық Соттың құқықтық позициялары жалпыға бірдей міндетті болып табылатыны және қылмыстық процесті жүзеге асыратын барлық органдар қылмыстық-процестік заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін оларды мүлтіксіз сақтауға тиіс екені түсіндірілді.
Аудан прокуратурасы заңнамадағы өзгерістер мен Конституциялық Соттың құқықтық позицияларын түсіндіру жұмыстарын әрі қарай жалғастырады.
Ақмола облысының прокуратурасы