Біржан сал ауданының прокуратурасы инвесторлармен кездесу өткізді

Біржан сал ауданының прокуратурасы инвесторлармен кездесу өткізді

«INVEST CARAVAN» акциясы аясында инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Біржан сал ауданының прокуроры Әнуар Құлышев «Қазгер-Құс» ЖШС мен «ЗереАгроХолдинг» ЖШС басшыларымен инвестициялық нысандарға барып, жұмыс кездесуін өткізді.

Өз кезегінде, «Қазгер-Құс» ЖШС құс фабрикасының үшінші кезегінің құрылысын жүргізуде, ал «ЗереАгроХолдинг» ЖШС 500 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салу жобасын іске асыруда. Аталған жобалар аясында жалпы саны 50 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Нысандарды аралау барысында ашық диалог ұйымдастырылып, жер учаскелерін беру, инфрақұрылымға қосылу, мемлекеттік рәсімдердің мерзімдерін сақтау, сондай-ақ жобаларды іске асыруға әсер ететін өзге де әкімшілік кедергілер мәселелері талқыланды.

Аудан прокуроры инвесторлардың құқықтарын қорғау және қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, көтерілген мәселелер тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Ақмола облысының прокуратурасы