Прокуратура Invest Caravan жобасы аясында инвестициялық жобаның іске асырылу барысымен танысты

Прокуратура Invest Caravan жобасы аясында инвестициялық жобаның іске асырылу барысымен танысты

Ағымдағы жылдың 1 шілде күні «Invest Caravan» жобасы аясында Қосшы қаласының прокуроры қала аумағында іске асырылып жатқан «Viamedis Kosshy» ЖШС-нің көпсалалы өңірлік аурухана құрылысына жұмыс сапарын жүзеге асырып, инвестициялық жобаның іске асырылу барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында инвестициялық жобаның іске асырылу барысы зерделеніп, құрылыс жұмыстарының орындалу кезеңдері, инженерлік инфрақұрылымға қосылу мәселелері және жобаны белгіленген мерзімде пайдалануға беру барысы талқыланды.

Аталған жоба аясында Қосшы қаласында емхана мен 350 төсек-орындық көпсалалы аурухана салынуда. Медициналық мекемеде ауысымына 1000 адамға дейін қызмет көрсетіліп, 956 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланған.

Кездесу барысында инвесторға оның құқықтарын қорғау тетіктері, әкімшілік кедергілер туындаған жағдайда прокуратура органдарының сүйемелдеу шаралары түсіндірілді.

Қосшы қаласының прокуратурасы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды тұрақты негізде жалғастыруда.

Ақмола облысының прокуратурасы