Зеренді ауданы прокуратурасының бастамасымен сотпен бірлесіп, «Айқын нәтиже» жобасы аясында жол-көлік оқиғалары мен қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында көлік құралын басқару құқығынан бұрын айырылған тұлғалардың қатысуымен көрсетілімдік сот процесі ұйымдастырылды.
Істі қарау барысында азамат «К» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 5 айында осыған ұқсас қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 5 адам сотталып, оларға өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, 35 жүргізуші мен көлік иесі әкімшілік қамауға алу және жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Қазіргі уақытта Полиция бөлімінің есебінде көлік құралын басқару құқығынан айырылған 131 адам тіркеуде тұр.
Осыған байланысты аудан прокуратурасы ескертеді: алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлік құралын басқару – бұл заң бұзушылық қана емес, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін тікелей қауіп. Мұндай қылмысты жасау сөзсіз нақты бас бостандығынан айыру жазасына әкеледі.
Құрметті азаматтар, сіздерді жауапкершілік танытып, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға шақырамыз.
Ақмола облысының прокуратурасы